Ершовта жаңа спортзал ашылды

Ершовта жаңа спортзал ашылды

Ауылдың әлеуетін арттыратын нысандардың қатарында спорт ғимараттарының орны ерекше. Өйткені спорт – денсаулықты нығайтумен қатар, жас ұрпақты тәртіпке, табандылыққа, командалық рухқа баулитын маңызды құрал. Ұзынкөл ауданына қарасты Ершов ауылында да балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мәселесі күн тәртібінде болған. Бұған дейін ауыл балалары мектептің шағын спорт залында жаттығып келген еді. Енді бұл мүмкіндік кеңейіп, ауылда заманауи спортзал ел игілігіне берілді.
Республика күні қарсаңында ашылған жаңа нысанның алғашқы қонақтары қатарында аудан басшылығы, кәсіпорын еңбеккерлері, ауыл тұрғындары мен жас спортшылар болды. Жиырма жас спортшы жаңа үлгідегі спорттық киімдерін киіп, залдың төріне сап түзеді. Бұл – ауылдағы спорттың жаңа кезеңіне жасалған алғашқы қадамның символындай әсер қалдырды.
Бұған дейін Ершов ауылында спортпен шұғылданатын негізгі орын мектептің шағын залы болатын. Ол ең алдымен дене шынықтыру сабақтарына пайдаланылатын. Сондықтан сабақтан тыс уақытта балалар мен жастардың жаттығуына мүмкіндік әрдайым бола бермейтін. Жаңа спортзалдың ашылуы осы мәселені шешіп, ауыл тұрғындарына спортпен еркін айналысуға жол ашты.blankblankНысанның құрылысына бастамашы болған – «Ершовское-2» ЖШС. Кәсіпорынның ауылды дамытуға бағытталған әлеуметтік жобалары соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Ершовта ашық спорт алаңы салынып, демалыс саябағы абаттандырылды. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлеріне арнап 12 жаңа үй бой көтерді. Енді осы игі бастамалардың қатарына жаңа спортзал қосылды.blankblankЖаңа нысанның ашылуында сөз сөйлеген Ұзынкөл ауданының әкімі Марат Кенжебекұлы Жұрқабаев аудан көлеміндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесі артып келе жатқанын атап өтті.
blankОның айтуынша, биыл ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы нәтижесінде бюджеттен тыс 660 миллион теңгеден астам қаржы тартылған. Бұл қаражат ауыз сумен қамту, абаттандыру, мәдениет, спорт және әлеуметтік саладағы жобаларды іске асыруға бағытталған.
Аудан әкімі «Ершовское-2» ЖШС директоры Сабит Садықұлы Ағайдаровтың ауылдың дамуына қосып отырған үлесін де ерекше атап өтті. Кәсіпорын басшылығы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, ауылдың көркеюіне және жастарға қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстарға белсенді араласып келеді.

– Осындай әлеуметтік нысандардың салынуы ауылдың болашағы үшін маңызды. Спортзал балалар мен жастардың сүйікті орнына айналып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді аудан әкімі.

blankАл жаңа спортзалдың салынуына ұйытқы болған «Ершовское-2» ЖШС директорының орынбасары Олжас Сабитұлы Ағайдаров бұл бастаманың кездейсоқ туындамағанын айтады.
Оның сөзінше, ауылдың дамуы тек жұмыс орындарын құрумен шектелмейді. Тұрғындарға баспана, демалыс орны, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау да маңызды.blankblank

– Бұған дейін балалар мен жастар мектептің шағын спортзалында жаттықты. Ол негізінен дене шынықтыру сабақтарына арналған. Сондықтан ауылға жеке спорт нысаны қажет болды. Біз тек ғимарат салуды емес, балалар мен ересектер тұрақты түрде жаттығатын, жарыстар мен түрлі спорттық шаралар өтетін орын қалыптастыруды көздедік. Ең бастысы – бұл зал ауыл тұрғындарына және кейінгі ұрпаққа қызмет етуі керек, – дейді Олжас Ағайдаров.

blankЖаңа залдың ашылуын әсіресе жас спортшылар асыға күтті. Солардың бірі – Ершов мектебінің 8-сынып оқушысы Жандос Жүнісбаев. Ол волейболмен үш жылдан бері айналысып келеді. Аудандық жарыстарда оның командасы бірінші орын алған.blankЖандос спорттан бөлек «Бүркіт» әскери-патриоттық клубына да қатысады. Жас спортшының жаңа спорттық киіміндегі 13-нөмірдің де өзіндік мәні бар. Бұл – анасының туған күні.

– Бұрын үш жылдай мектептің спортзалында жаттықтық. Ол жерде сабақ кезінде жаттығу мүмкіндігі бола бермейтін. Енді жаңа залымыз бар. Күн сайын жаттығуға мүмкіндік болады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Жандос.

blankЖаңа спортзалдың ашылу салтанатында аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары патриоттық ән орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара соңында қонақтар мен спортшылар естелік спорттық жейдеге қолтаңба қалдырды. Бұл жейде алдағы уақытта спортзалдың қабырғасына ілініп, жаңа нысанның ашылу тарихынан белгі болып қалмақ.blankАуыл үшін мұндай нысанның маңызы ғимараттың көлемімен ғана өлшенбейді. Спортзал – балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың спорттық қабілетін шыңдауына, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуына мүмкіндік беретін ортақ орын. Ең бастысы, енді ершовтық жас спортшылардың жаттығуына мектептегі шағын залмен шектелмей, арнайы жабдықталған кеңістік бар.
Бүгін мұнда алғашқы жаттығулар өтсе, ертең осы залдан аудандық, облыстық жарыстарға қатысатын жаңа спортшылардың есімі шығуы әбден мүмкін. Ауыл балаларының арманы үлкен болған сайын, оған лайықты жағдайдың да болуы маңызды.blankЕршовтағы жаңа спортзал – ауылдың әлеуметтік өміріне серпін беретін нысан ғана емес, жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыратын жаңа мүмкіндік. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, залдың балалардың қуанышы мен спорттағы жеңістерінің куәсіне айналуы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ