Ұзынкөл ауданындағы Ершов ауылында Республика күні қарсаңында мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Тұрғындар көптен күткен мәдениет ошағы «Ершовское-2» ЖШС есебінен салынған. Жүз орындық клуб және кітапхана құрылысы өткен жылы басталған еді. Биыл мереке қарсаңында ел игіліне тапсырылып отыр. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Ұзынкөл ауданының әкімі Марат Жұрқабаев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.Мәдениет үйінде кітапхана, түрлі үйірмелер, үлкен көрермен залы бар. Алдағы уақытта ауыл мәдениеті үшін қызмет көрсететін болады.
Айта кету керек, 100 орындық мәдениет үйінде ауылдық кітапхана, фитнес зал, шығармашылық, би, сынды үйірмелер ашылған. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрету бойынша курстар да өтеді.
-Ауыл болып қуана қабылдап жатыр. Бұрын іс-шаралар әкімдіктің ғимаратында тар жерде өтетін. Енді мұнда барлық жағдай жасалған, – дейді Ершов ауылының әкімі Мария Ерушенко.
Сондай-ақ республика күніне орай облыс әкімінің грамотасымен жоғары еңбек жетістіктері үшін және бірқатар ұзынкөлдік азаматтар марапатталды. Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер орындады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Дархан Амрин