9 июня, 2025
Ерлік еленді: Өрттен екі адамды құтқарған қала тұрғыны марапатталды

Ерлік еленді: Өрттен екі адамды құтқарған қала тұрғыны марапатталды

Көктемде болған оқиға қайтадан жұрт назарына ілікті. Диас Тұрсынов өртеніп жатқан пәтерден екі адамды құтқарған ерлігі үшін марапатталды.

20 нурызда Қостанай қаласындағы Пушкин көшесінде орналасқан көп қабатты үйлердің бірінде кешкі уақытта өрт шықты. Тұрғындар шұғыл қызметтерге қоңырау шалып жатқан сәтте, көмекке алғаш болып көшеден өтіп бара жатқан қостанайлық Диас Тұрсынов келді.

Оның батыл әрекеттерінің арқасында екі адам өлім аузынан қалды. Сол күннен бері біраз уақыт өтсе де, лайықты марапаты батыр азаматты ақыры тапты.

Диас кешкі серуеннен үйіне қайтып бара жатқан. Көп қабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, әйел адамның көмек сұраған даусын естиді. Үшінші қабаттағы пәтерден қою түтін шығып жатқанын байқап, өрт сөндірушілерді күтпестен, кіреберіске жүгіріп кіріп, өртеніп жатқан пәтердің есігін бұзып ашып, ішіндегі адамдарды эвакуациялауға кіріскен. Пәтерде қарт ана мен оның ересек ұлы болған.

— Түтін өте қою болғандықтан, ер адам ес-түссіз күйге түскен еді. Мен оны арқама салып алып шықтым. Ал әжеймен қиындау болды. Ол пәтерден шыққысы келмей, жиһаз бен заттарға жармасып, қалып қоюға тырысты. Жылдар бойы жинаған дүниесін тастап кету оңай болмаған шығар. Дегенмен мен оны да өрт сөндірушілер келерден бірнеше минут бұрын ғана алып шыға алдым,  — деп еске алады Диас Тұрсынов.

Өрт сөндірушілер келіп, отты жылдам сөндірді. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Диас пен өрт сөндірушілердің нақты әрі жедел әрекеттерінің арқасында адам шығыны болған жоқ.

Қостанайлық азаматтың ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Отан қорғаушылар күні қарсаңында ол Төтенше жағдайлар департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар Диас Тұрсынов еңбек ететін Allur компаниясының басшылығы да қызметкеріне батылдығы үшін алғыс хат және ақшалай сыйақы табыс етті.