Ерлі-зайыпты Ермек-Мархаббат Тәуешкиндер білім беру саласында отыз жылдан артық жемісті еңбек етіп келеді

Ерлі-зайыпты Ермек-Мархаббат Тәуешкиндер білім беру саласында отыз жылдан артық жемісті еңбек етіп келеді

Адамның бойында жақсы қасиеттердің болуы, өнер-білімді игеруі – өскен ортаға, білім берген  ұстазға байланысты. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген жақсы бір сөз  үнемі жас ұрпақ тәрбиелеумен бірге жас мұғалімдерге де білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыратындығын меңзесе керек. Осындай ұлағатты ұстаздар әулетінің бірі – Тәуешкиндер отбасы.

Бірлік пен берекені жандарына серік еткен Ермек пен Мархаббат бүгінде жарқын өмір құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр. “Отан – отбасынан басталады” дегенді басты қағида етіп ұстанған әулетте атадан балаға беріліп келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлер сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Өйткені, осындай тәрбие арқылы ұрпақты адамгершілікке, отбасы алдындағы жауапкершілікке, рухани байлыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулуды әулет әрдайым бірінші кезекке қояды.

 

Торғайда Тауешкиндерді білмейтін жан жоқ. Ерлі-зайыпты Ермек пен Мархаббат отыз жылдан артық білім беру саласында жемісті қызмет атқарады. Осы аралықта талай талантты ұл-қызға тәлімді тәрбие мен саналы білім беріп, алтын ұядан  түлетті.

Ермек Еркешұлы  аудан орталығының іргесіндегі бұрынғы “Торғай” кеңшарында дүниеге келген. 1989 жылы сондағы Аманкелді орта мектебін бітірген соң,”Арай-89″ комсомол-жастар құрылысшылар бригадасында еңбек етті. Ресейдің Владивосток қаласында өзінің әскери борышын өтеді. Ермек КСРО Қарулы Күштер қатарынан оралған 1991 жылы  әкесі Еркеш дүние салды. Мұның “қалаға барып, оқу оқимын” деген арманы кейінге ысырылды. Үйдің үлкені болғандықтан, анасы мен жалғыз қарындасын асырауы керек. Сөйтіп, кеңшардағы машина-трактор шеберханасына ұстаның көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Ауыл ішінде ісмерлігімен танылған  Қанапия қартқа жәрдемдесіп жүріп, өзі де біраз дүниені меңгеріп алды.Топса, қайла, күрек, т.б тұрмысқа қажетті заттарды, техниканың ұсақ бөлшектерін өз бетімен жасай беретін. Бұл кезде Ермек анасының қолын ұзартып, шаңыраққа келін түсірген.

Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында шаруашылықтар таратылып, жұрттың бәрі жұмыссыз қалды. Бұл әкесі өз қолымен кірпішін қалаған қарашаңырақты сатып, амалсыздан аудан орталығына көшті. Негізі, Ерекең нағыз бесаспап маман. Қолынан келмейтіні жоқ. Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин мектебіне электрші болып жұмысқа орналасқанда да баяғы бала жастағы сурет салуға бейімдігі алдан шыға берді.

“Менің сурет салуға әуестігім мектепте оқып жүргенде басталды ғой. Күләш деген көрші апайымыз бар еді. Сол кісі мектепте безендіруші болып еңбек ететін. Менің 5-6 класс оқитын кезім. Құлдыраңдап жанынан шықпаймын. Біресе  бояуын, біресе қағазын әперемін. Үлкен  плакатқа әсемдеп жазған әріптердің сырына үңілемін. Бәрі қызық. Кейде өзім де бірдеңелерді шатпақтаймын. Күләш апай сияқты менің де көркемдеп жазғым келеді. Суретші болсам деп армандаймын. Кейін мектеп ішінде атым шыға бастады. Мереке сайын қабырға газеттерін шығарамыз. Осылайша, көркемсурет өнеріне менің махаббатым оянды”,– дейді Ермек Еркешұлы.

Оның бала күнгі сол арманы адастырған жоқ. 2001 жылы Ерекең Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетіне түсіп,   көркемсурет және графика мамандығын алып шықты. Содан бері ол Торғайдағы Н.Иванов аралас мектебінде шәкірт тәрбиелеп келеді.

Ермектің зайыбы – Мархаббат Боқанқызы да ұстаз. Отыз жылдан астам еңбек өтілі бар Мархаббат бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ мектебінде география және тарих пәнінен сабақ береді.  Ол да мұғалім болуды бала күнгі арманым еді дейді.

“Негізі, бала жаста кез келген адамның бір нәрсеге бейімдігі байқала бастайды. Мен де мектеп қабырғасында оқып жүргенде мұғалім болуды армандадым. Оған себепкер болған,  Қымбат Рағатова деген апайымыз еді. Ол кісі бізге жағырапия пәнін оқытты.  Сол кезде Қымбат апай сияқты болуды армандайтын едік.   Апайдың мінезі, киім киісі, сөйлеген сөзі, сабақты түсіндіру мәнері оқушыларды еліктірмей қоймайтын”,–дейді Мархаббат Боқанқызы.

Мархаббат Тәуешке Арқалық педогогикалық училищесін тәмәмдады. Кейін Қостанайдағы З.Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университетін бітірді.  Алғашқы еңбек жолын өзі келіп болып түскен Шеген ауылындағы Аманкелді орта мектебінен бастаған ол жеті жыл Н.Иванов аралас мектебінде сабақ берді. Кейінгі жиырма жыл бойы Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінде шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысады.  Оқушылары аудандық, облыстық пәнаралық олимпиадаларға ұдайы қатысып жүр. Ал өзінің жеке  жұмысы  2013  жылы республикалық ғылыми жобалар жиынтығына енді.

“Баяғыда біз оқып жүргенде мектеп бағдарламасы жеңіл еді. Қазір күрделенген. Оқыту жүйесі түбегейлі өзгерді деп айтуға болады. Қазір балаларды жаңа бағдарламамен оқытып жатырмыз. Мұның  шәкірттеріміздің терең білім алуымен қатар, болашақта жан-жақты маман болып шығуына көп әсері бар”, –дейді Мархаббат Боқанқызы.

Ерлі-зайыпты ұстаздар отбасында екі қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкендері  Нұрсая 8-сыныпта, кішісі Іңкәр 6-шы сыныпта оқиды. Екеуі де оқу озаты, өнерлі. Домбыраның құлағында ойнайды.  Күмбірлетіп күй тартқанда  кәнігі өнер шеберлерінен бір кем емес.

“Ата-анамыз бізді кішкентай күнімізден домбыра үйірмесіне жетектеп апарды. Жалпы, кім-кімге де өнер – білім артықтық етпейді ғой. Соңымнан ерген сіңілім, Іңкәр екеуміз ата-анамыздың берген келісті тәрбиесіне селкеу түсіргіміз келмейді. Әзірге, болашақты болжай қойғамыз жоқ. Бәрін уақыт көрсетеді. Бәлкім, ұстаздық жолды таңдармыз. Өйткені, мұғалім – барлық мамандық атаулының бастау шыңы”,– дейді Нұрсая Ермекқызы.

Ерекеңнің әкесі – Еркеш Тәуешкеұлының есімі төрткүл әлемге белгілі. Кезінде  бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланған.  Қазақстанның еңбек сіңірген Құрметті шахтері – Ерекеңнің даңқы бүкіл Одақтан асып, шет елдерге  жайылғаны көпке мәлім. Қарағанды көмірін қазуда рекордтық көрсеткіш орнатқан кеншіге атақты Алексей Стаханов өзінің  алтын бұрғысын табыс еткені де торғайлықтар үшін зор мақтаныш! Қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың Еркеш ағамыз туралы  “Май толғауы” дейтін өлеңі бар. Сол жыр шумақтары 5 сыныпқа  арналған “”Қазақ әдебиеті” оқулығына енген.

        – Қопарып таудың тағы тас көмірін,

Елінің көркейтуге жақсы өмірін.

Бұл тойға шашуымен Еркеш келді,

Көтеріп көмірімен жас көңілін.

 

Жас батыр қаһарланса тау ышқынды,

Бір тауды бір тауға әкеп қауыштырды.

Бәрінің мақтанышы– Еңбек Ері,

Қарсы алды тойдағылар Тәуешкинді,

 

– деген өлең жолдарын Нұрсая мен Іңкәр  жатқа айтады.

Есімі елге белгілі Еркеш аға мен жұбайы Ораз Аймаққызы екеуі отыз  жылға жуық бірге түтін түтетіп, үш баланы өмірге әкелді. Бәрін оқытты, тоқытты.  Ермектері бүгінде соның жемісін көріп отыр. Ол да ата-анадан алған тағылымды тәрбиені өз қыздарының бойына сіңірген.

“Мейлі өз балаң болсын, мейлі шәкіртің болсын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатса, ұстазға одан асқан бақыт бар ма?” – дейді ерлі-зайыпты ұстаздар.

 

 

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жанкелдин ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу