Арқалықта өзі жас болса да бас болып, бүгінде телефонға телмірген жастарды кітап оқуға, көркемсөз оқуға бағыттап жүрген Еркінғазы есімді өрен тұрады.
Өзі ақын, өзі педагог. Осы уақытқа дейін онлайн форматта 2500 оқырманға кітап оқытқан жерлесіміз биылғы наурыз айында республикалық деңгейде мәнерлеп оқу сайысын өткізді.
Сайыстың ережесі де қарапайым. Үміткер 125-500 теңге көлемінде жарнасын төлеп, сайысқа тіркеле алады. Одан кейін берілген тақырып бойынша белглі бір автордың өлеңін оқып, видео түрінде ұйымдастырушыға жібереді. Осылайша, қазылар алқасы тағайындалып, жеңімпаздар анықталады.
Шешім бойынша бірінші орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының өнерпазы Дінмұханбет Ибрайым иеленсе, екінші орынды Шымкенттік талант Тоғжан Камалдың, сондай-ақ үшінші орын Қостанай облысы, Арқалық қаласының қатысушысы Әдемі Амантайдың еншісіне бұйырды. Бұған қоса, 25-ші орынға дейінгі жеңімпаздар 50 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтармен марапатталып, қазіргі таңда сұранысқа ие, ең танымал «Бейсен және Болмыс», «Жүрек тыныштығы», «Қисық қабырға», «Адамзаттың асыл тәжі» сияқты тағы да басқа бағалы кітаптардың электронды нұсқалары мен пайдалы телеграмм арналарға қосылатын сілтеме осы сайысқа қатысқан барлық сайыскерлерге сыйлық ретінде тегін берілді.
«Наурыз айында қорытындыланған бұл сайыс ай сайын тұрақты түрде жалғасын табады. Әр айдың басында сайысқа тіркеу басталып, айдың аяғында жеңімпаздар анықталып отырады. Жалпы, жастарға бағыт беріп, көпшілікпен жұмыс жасаған ұнайды», – дейді жарыстың жетекшісі Еркінғазы Айтбаев.
Ендеше, өреніміздің еңбегін бағалап, демеу беру біздердей аға буынның міндеті деп ойлаймын. Жерлесіме еңбегің жанып, қатысушыларың көп болғай дегім келеді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы