Еріктілік – ақжүрек қызмет

Еріктілік – ақжүрек қызмет

Қостанайда «облыста еріктілік қызметін насихаттау және қолдау» жобасы аясында еріктілер лагері ұйымдастырылды. Жыл сайын дәстүрге айналған іс-шараға барлық қалалар мен аудандардан 100-ге жуық белсенді жастар жиналды.

ҰйымдастырушысыҚостанай облыстық жастар ресурстық орталығы. Оқыту лагерінде тиімді тренингтер, лекциялар арқылы қатысушылардың тұлға ретінде дамуына және кәсіби өсуіне ықпал ету шарасы басты назарға алынды.  Қостанайға арнайы келген «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры  Татьяна Миронюк жастармен өз тәжірбиесімен бөлісті.

 

«Облыс бойынша еріктілердің саны өте көп. Бүгінде олардың саны 3 мыңға жуықтады.  Бүгінгі лагерге тек ең белсенді деген жастар шақырылды. Жобаның басты мақсаты еріктілік қозғалысты дамыту, жастар арасында еріктілікке қызығушылықты ояту. Лагерь аясында жастар екі күн бойы шеберлік сабақтарына, тақырыптық кештерге қатысады. Сондай-ақ, олар еріктілер үшін маңызды тақырыптарды қарастыратын түрлі диалог алаңдары жоспарланған.  Еріктілер үш топқа бөлініп, спикерлер жұмыс істейді. Қатысушылар арасында шағын топтар құрылып, жас еріктілер үшін өзекті тақырыптар талқыланып, жұмыс жүргізіледі», – дейді Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков.

Белсенді еріктілердің қатарында А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің студенті Балауса Жүніс те бар. Ол мектеп кезінен еріктілік қызметпен айналысып келеді.

 «Волонтерлікпен оқушы кезімнен айналысып келемін. Волонтерлік қызмет арқылы біздің студенттік шағымыз қызықты өтеді. Осындай шаралар бізді дамытады және одан әрі жұмыс істеуге шабыт береді. Осы уақытқа дейін қайырымдылық шараларға көптеп ат салыстым. Өзіме адамдарға жақсылық жасап, қуантқан ұнайды. Әсіресе ардагер аталарымыздың әңгімесін тыңдап, көкейге ой түйемін. Жауынгер аталарымыздың үй шаруасына қолғабыс етемін », –  дейді Балауса Жүніс.

Лагерь бағдарламасы екі күнге негізделген семинар-тренингтер, танысу және пікір алмасу, топтық жұмыстар мен кешкі бағдарламалардан тұрды. Сондай-ақ, «Критикалық жағдайларда тиімді коммуникация: еріктілер негізгі байланыс» тақырыбы бойынша фокус-топтар өткізілді. «Жастарға арналған халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысу тәжірибесі» тақырыбында диалог алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар үш топқа бөлінді. Топтарға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету үшін топ жетекшілері таңдалып алынды.

Әсел ҚИБАШ

Суретті түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу