Бүгін Рудный қаласында соңғы үлгідегі мектеп-гимназия ашылды. Білім ұясы «Келешек мектептері» жобасы аясында ERG қаражатына салынған.
Аралас мектеп 1200 оқушыға шақталған. Құрылысына облыс әкімдігі мен ERG арасындағы меморандум аясында 6,7 млрд теңге жұмсалды. Бұл – қаладағы бұрынғы №2 гимназия үшін салынған үр жаңа ғимарат. Мұны компанияның Рудныйға жасаған сый-тартуы деуге болады. 





Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, кеншілер кентінің қуанышын бөлісті. 
«Мемлекет басшысы әрдайы мектеп – білім мен тәрбиенің киелі шаңырағы екенін баса айтады. Ал білім сапасын арттыру – әлеуметтік саясаттың басым бағыты. Бүгін біз Рудныйда ашып жатқан 1 200 орындық заманауи мектеп – бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының жемісі. Жаңа білім беру мекемесі заманауи талаптарға сай. Сапалы білім мен тәрбие беріп, оқушылардың спорт пен шығармашылықта дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл мектеп адалдық, еңбексүйгіштік пен жауапты буын тәрбиелейтін мығым іргетас боларына нық сенімдімін, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрге жуықтайтын ауқымды оқу ошағы – компания соңғы үш жылда салған үшінші мектеп. ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қай мектептің де ең заманауи стандартпен салынғанын айтады.
«Бұл жобамыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске қосқан «Келешек мектептері» ұлттық бастамасының бір тармағы екенін мақтан тұтамыз, – деді Шухрат Ибрагимов. – Жас ұрпақтың жаңа мектепте білім алып, оны тәжірибеде сынауға барлық жағдай жасалған. Технологиялық өркениеттің барлық игілігімен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмысымыз «ERG mektep» бағдарламасы аясында жалғаса береді… Оқушыларды құттықтай отырып, өздеріңе, болашақтарыңа зор сеніммен қарап, алға ұмтылып, жоғары жетістікке жете беріңдер деген тілек айтқым келеді».

Салтанатты рәсімге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі, Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова да арнайы келіп қатысты. Рудный жұртшылығының қуанышты оқиғасына министрліктің құттықтауын ала келген.
«Сіздерді министрлік атынан жаңа оқу жылының жаңа ғимаратта басталуымен құттаймын. Есігі айқара ашылған соны оқу ошағы сапалы білім мен саналы тәрбиенің ордасына айналар деп сенеміз. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамына құт тілейміз. Президент тапсырмасымен жыл сайын жаңа мектептер бой көтеріп жатыр. Соңғы екі жылда 400-ден астам мектеп ашылды. Биыл 8 мың мектеп жаңа оқу жылына кірісті. Олардың қатарында осы білім ұясы да бар. Министрлік атынан облыс әкімдігіне және ERG компаниясына разылығымызды білдіреміз», – деді Бұлбұл Ораққызы.
Ресми құттықтаулар легінен соң алғашқы қоңырау соғылып, білім өлкесіне енді қадам басқалы тұрған балақайлар жаңа ғимаратқа қалың көпшілікті бастап кірді.




Расымен де мектеп іші кірсе шыққысыз. Дәлізде орнатылған даму мен орнықтылық, өркендеу нышаны іспетті арт-нысан – «Білім ағашына» ерекше көз түседі. 60 оқу кабинеті, төрт компьютерлік сынып, STEM-зертхана және робототехника кабинеті, станоктармен жабдықталған шеберханалар, шет тілдерін оқуға арналған лингафон кабинеттері бар. Спорт, хореография, эстрада бөлімі, 380 орындық акт залы, оқушылар асханасы – қай-қайсысы да заман талабына сай.







Мамандардың айтуынша, бұл жаңа гимназия – заманауи білім беру ұйымы ғана емес, мұқият ойластырылған бүтін бір экожүйе. Онда инклюзивті сәулет пен қолжетімді орта, жіті ойластырылған қауіпсіздік жүйесі бар. Ол эргономика, экология және энерготиімділік тұрғысынан барынша пысықталған. Ол аздай, мектеп күн батареяларынан алынатын электр қуатымен қамдалады. Бұл қуат тұтыну мөлшерін азайтып қана қоймай, өскелең ұрпақ бойында экологиялық мәдениет қалыптастырып, қоршаған ортаға барынша жауапкершілікпен қарауды үйретеді.



Ерекше назар аудартары, мұнда цифрлық технологияға баса мән берілген. Мәселен, мекеме аумағы түгелдей озық қауіпсіздік жүйесімен жарақталған. Ондағы бейнебақылауға жасанды интеллект құралдары кіріктірілген. Ал цифрлық зертханалар тек класта ғана емес, көшпелі сабақтар барысында да тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Ерекше гидропоника қондырғылары биология, экология мен химия бағыттары бойынша нақты зерттеулерге жол ашады. Одан бөлек, медиа-аумақ пен подкаст-студия да бар. Ол аудио мен видео контентке құмар оқушылардың ең тартымды аумағына айналмақ.




«Гимназияның ескі ғимаратында қызым оқып шыққан-ды. Қазір ұлым 9-сыныпта білім алып жатыр. Жаңа мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұнда, өздеріңіз де көргендей, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Кабинеттерінің жабдықталуы, соңғы технологиямен, жаңа модификациямен қамтылуы керемет. Жаңа ғасырдың күллі талабына сәйкес келеді. Оқушыларға да, мұғалімдерге де, ата-аналарға да мұндай оқу ошағының жұмыс істеуі зор ғанибет», – дейді оқушының анасы Әсем Сапарғалиева.
Білім беру ұйымында педагогтер ұжымының қолын ұзарта түсетін мүмкіндіктер де қарастырылған. Мұндағы мұғалімдердің цифрлық көмекшілері болады. Ол оқушылардың осал және мықты тұстарын талдап, жекелеген тапсырмалар ұсынады. Осылайша, педагогтерге жәрдемдесіп, жалпы білім беру сапасы мен интерактивті арттырады. Ал, жалпы, мектепте 66 педагог жұмыс істейді. Одан бөлек, ERG «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорымен бірлескен жоба аясында Рудныйға STEM-бағыты пәндерінің тәжірибелі 4 ұстазын жұмылдырылады. Олар қатардағы педагогтер ғана емес, мектеп қауымдастықтарын ілгерілетіп, онда әлеуметтік және ғылыми-зерттеу жобаларын дамытар инноваторларға айналмақ.


ERG мектебі білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша бейімделген. Мамандандырылған сыныптар ашылып, лифт пен арнайы көтеру механизмдері орнатылып, әр оқушыға жайлы да қауіпсіз орта жасалған. Тоқ етері, бұл гимназия шын мәнінде де «келешек мектебі» деген мәртебеге толықтай лайық.

Айта кетейік, биыл облыста жалпы сыйымдылығы 4080 орын болатын тағы бес мектеп ашылады. Оның ішінде мемлекеттік тілде білім беретін 900 орындық оқу ошағы Рудныйда ел игілігіне берілмек. Ол да «Келешек мектебі» жобасы аясында салынып жатыр.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
