Ерекше жандарға құрмет көрсетілді

Ерекше жандарға құрмет көрсетілді

Арқалық қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен «Жақсылық» қоғамдық бірлестігі «Рухы биік жандар» атты фестиваль ұйымдастырды.

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні. Бұл дата БҰҰ ұйғарымымен 1992 жылдан бері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару мақсатында атап өтіледі.

Өнерлілер шеруінде мүгедектігі бар адамдарға білім, тәрбие, оңалту қызметтерін көрсететін ұжымдардың тәрбиеленушілері ән айтып, би биледі. Тағдыр теперішін тартқан жандардың қолөнер бұйымдарынан көрме қойылды.

Қала әкімі Әмірхан Асанов жылы лебізін білдіріп, жыл үздіктерін салтанатты түрде марапаттап, қатысушыларға сыйлықтар табыс етті.

«Арқалық қаласында 1686 мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүреді, оның 251 – і балалар. Ерекше жандарға қолайлы орта туғызу мүмкіндіктері біртіндеп жүзеге асып келеді. Қала көшелеріне «Сөйлейтін бағдаршамдар» орнатылған. Мекемелерге пандустар қойылып, «Инва такси» қызмет көрсетеді. Биыл 78 адам облыстың оңалту орталықтарында ем алып, 120 адам еліміздің шипажайларында денсаулықтарын көтерді», –деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.

Марапатталғандардың қатарында мүгедектігі бар адамдар арасында Ритм» ҚБ ұйымдастыруымен өткен облыстық байқаудың жүлдегерлері, аталған бөлімнің «18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған күндізгі болу» бөлімшесінің қызмет алушылары, «Үздік шығармашы» аталымының жеңімпазы Арман Сағындық пен «Үздік орындаушы» аталымының жүлдегері Ернұр Тыныштықбай қала әкімінің қолынан сый – құрметке бөленді. Сондай – ақ, көпшілікті өнерлерімен тәнті еткен мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету мекемелерінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар табыс етілді.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген – автор

                                                                          Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу