ЭПИЗООТИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

ЭПИЗООТИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Облыс аумағындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық вакцинация және диагностикалық зерттеулер жоспарға сәйкес орындалған. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық ветериария басқармасының басшысы Ахат Шектібаев айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, өңірде малдың есебін алуға және мал ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық жұмыстарды жүргізуге, жануарлардың, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттың тасымалдануын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сәйкестендіру шаралары міндеттелген. Яғни, түлікті бірдейлендіру немесе ӨИС ақпараттық жүйесіне малдың саны туралы мәліметтерді енгізе отырып, таңбалау, чиптеу тәсілдері арқылы жеке нөмір беріледі.

            – Бүгінгі таңда облыста 483 542 қара мал, 524355 қой-ешкі, 94 438 шошқа, 161 596 жылқы есепке алынған. Биыл төрт түліктің жаңа туған төлдерін бірдейлендіру үшін облыстық бюджеттен 110 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Соған сәйкес, жыл басынан бері 128 132 ірі қараға, 136 010 қой-ешкіге, 42 966 шошқаға, 13 240 жылқыға, 15 түйеге сәйкестендіру жүргізілді. Қалған малды сәйкестендіру үшін құлақ белгілері жеткілікті, – дейді бас ветеринар.

Ветеринария тарапынан малдың қан сарысуына диагностикалық зерттеулер жүргізу кезінде бруцеллезге оң әсер ететін жануарларды союға ерекше назар аударылған. Бруцеллез бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібіне сәйкес мал иелері 15 күннің ішінде ауру малды ет өңдеу кәсіпорнына немесе сою пунктіне жіберуге міндетті. Оларды тасымалдауға осы жылы жергілікті бюджеттен 30 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның арқасында аудандар мен қалалардың ветеринариялық станциялары мал иелерін тегін көліктермен қамтамасыз етеді.

            – Ауру малды сою объектілеріне тапсырудың дұрыстығын бақылау үшін санитариялық сою актісі жасалады. Онда жануардың иесі мен сою пунктінің өкілі қол қояды. Мұндай шаралар бруцеллездің таралуын болдырмау және аурудың пайда болуының эпизоотиялық тізбегін анықтау үшін қолданылады. Сою нысандарында малдың еті мен ішкі органдарға ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізіледі. Ірі қара малда бруцеллездің тән белгілері анықталған кезде ет және ішкі органдар өңдеуге жіберіледі. Ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен нарықтық құнның 30% мөлшерінде құны өтеледі. Ірі қараның бруцеллезге тән белгілері болмаған жағдайда, ет 12 сағаттан кейін шектеусіз сатуға жіберіледі. Сондай-ақ, ұсақ малдың бруцеллезі кезінде ұшада және ішкі органдары міндетті түрде қайта өңделеді. Оның да 30% мөлшерінде құны өтеледі. Жалпы, тоғыз айдың бедерінде жалпы сомасы 180-дей ұсақ малға 1 млн 564 мың 266 теңге құн өтелді, – дейді Ахат Шектібаев.

Облыстық ветеринария басқармасы мәжбүрлі және профилактикалық-дезинфекциялық шараларды жүргізуге ерекше назар аударады. Өңірдегі барлық ветеринария станциясында Комаров (ДУК) дезинфекциялық қондырғы орнатылған арнайы автомашиналар бар. Ветеринария станциясының қаражаты есебінен дезинфекция препараттары жеткілікті көлемде сатып алынған.

Эпизоотиялық жағдайды тұрақты сақтау үшін аудандар мен қалалардың ветеринариялық станциясы инфекциялық аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында бруцеллезге шалдыққан барлық қора-қопсыны дезинфекция жасайды. Биыл облыс бойынша жалпы ауданы 93 031 ш. м. болатын 382 нысанда мәжбүрлі дезинфекция, жалпы ауданы 315 934 ш. м. болатын 254 нысанға профилактикалық дезинфекция жүргізілді.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу