Еңсесі биік Елорда

Еңсесі биік Елорда

1997 жылы 10 желтоқсанда сол кездегі Ақмола, қазіргі Астана қаласы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланған еді. Биыл еліміздің бас қаласының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Аса маңызды мереке қарсаңында Астанадағы қостанайлықтардың пікірін білген едік.

Сабина КӘКІМЖАН:

– Астанаға Арқалық қаласынан 6 жасымда отбасымызбен қоныс аудардық. Осы жақта мектеп бітіріп, жоғары оқу орнында білім алдым. Биыл Астана қаласына 25 жыл. Осы уақыт аралығында қаламыздың адам танымастай өзгергені ақиқат. Дами келе қала орталығы оң жағалаудан сол жағалауға көшті. Бірте-бірте елордада халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өткізіле бастады. Астана көз алдымда өркендеп келеді. Әр жыл сайын қала күнінде ел игілігіне түрлі нысандар пайдалануға беріледі. Өзім журналистік қызметте жүрген соң, жұмыс барысында әсем ғимараттардың ашылуында болдым. Келе жатқан Астана күні құтты болсын! Ару қаламыз жайнай берсін.

Айжан БЕРДЕНОВА:

– Астана қаласы жеке шығармашылық тұрғыдан дамуға үлкен септігін тигізеді. Ойға алған көптеген арманның орындалуына жағдай жасайды. 2015 жылы арман қуып, елордамызға келдім. Оқуға түсіп, білімімді жетілдірдім. Қазіргі кезде психосоматика, стюардесса курсы сияқты пайдалы істермен шұғылданып, дамудамын. Астанада жан-жақты дамимын деген адамға мүмкіндік мол. Қазіргі уақытта менеджер болып қызмет істеймін. Болашаққа деген нақты мақсаты, өзіндік ойы қалыптасқан әрбір жас үшін Астана қаласының есігі айқара ашық. Елордамыз дами берсін.

Қайыржан ҚОҢЫРШИН:

– 2016 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Костанай мемлекеттік университетті бітіргеннен кейін Астана қаласына аттандым. Астана мүмкіндіктер қаласы, елорда болғандықтан таңдауым осы қала болды. Бірқатар жұмыстарды аралап, соңында Тұңғыш Президент музейіне жұмысқа тұрдым. Экскурсия қызметіне қабылдады. Уақыт өте келе оңай жұмыс емес екенін түсіндім. Бастапқы уақытта қобалжу болды, кейін бәрі реттелді. Осы жұмыс арқылы қарапайым отбасылармен, студенттермен қатар, ресми делегациялар, мемлекет басшылары мен бірге көптеген басқа да азаматтармен жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинала бастады. Кейін жұмыс бабымен музейде немесе басқа елді мекенде мемлекетте іс-шараның жүргізушісі ретінде жұмыс атқардым. Астанада білімімді кеңейтейін деп магистратураға түсіп, 2021 жылы Аймақтану мамандығы бойынша тәмамдадым. Бір қызығы Президент, суретші, музыкант, өз ісінің шебері, шетелдік танымал тұлғалармен жұмыс істеген соң өмірлік тәжірибе де қалыптасады. Астананың маған әлі де берері мол деп сенемін. Бас қаламыз өркендеп, өсе берсін.

Ақжан АДАЙҚЫЗЫ:

– Астана – арман қала. Осы қалаға арманыма арман қосып, 2022 жылы келдім. Әрине, келе сала жанға жайлы үй, жұмыс табу оңай болған жоқ. Дегенмен, бәрі өз уақытында жақсы жағына бет бұрып, реттеліп кетті. Қазіргі таңда Астана қаласында медициналық орталықта жұмыс істеп жүрмін. Астана маған алға қадам жасауды, дамуды, өсуді үйретті. Қалада бар жағдай жасалған. Мен сияқты Астанаға арман қуып келіп жатқан жастарымыз көп. Әрине, әсем қалаға келіп, туған жерді ұмытқан емеспін. Жас қаламызбен бірге үлкен жетістіктерге жететініме сенемін.

Сауалнаманы жүргізген Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу