Еңбекпен есейген жаз

Еңбекпен есейген жаз

Жазғы демалыс – мектеп оқушылары үшін тынығатын ғана емес, өз қабілетін шыңдап, еңбекке араласып, алғашқы табысын табатын мүмкіндік. Әулиекөл ауданында Жастар еңбек жасақтарының жұмысқа белсене кірісіп кеткеніне айдан асты.

Жазғы демалысты тек демалыс қана емес, өз өлкесін көркейтуге және алғашқы табысын табуға арнаған аудан жастары бүгінде үлкен істің басында жүр. Ауданда бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жастар еңбек жасақтары биыл да сәтті жүзеге асты. Биыл да жүзге жуық жас ауданның көркеюіне өз үлесін қосып, еңбек арқылы өмірлік тәжірибе жинақтауда.

Биыл 90 бала қамтылады

Таңғы салқынмен жұмысқа кіріскен жасақ мүшелері саябақтар мен гүлзарларды тазалап, көшеттерді күтіп-баптап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл жұмыстар жастардың бойында жауапкершілік, тәртіп пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастырады.

Жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі маманы Нұргүл Сағынаеваның айтуынша, жастар еңбек жасақтары 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Дегенмен қазіргі құрамның басым бөлігін 14–17 жас аралығындағы мектеп оқушылары құрайды.

– Былтыр аудан бойынша 65 жас еңбек жасақтарына қатысса, биыл олардың саны 90-ға жетті. Сонымен қатар Аманқарағай мен Құсмұрын ауылдарында да 15 баладан еңбек етіп жатыр. Жоба жаз мезгілінің үш айын қамтиды. Қатысқысы келетін жастар өте көп. Хабарландыру жарияланған сәттен-ақ бос орындар тез толып қалады. Сондықтан тіркелуге үлгергендер ғана қатысады, – дейді ол.

Жасақ мүшелері аудан аумағын абаттандырады. Көктемде егілген көшеттерді суарып, гүлдердің түбін қопсытады, арамшөптерін жұлады, саябақтар мен демалыс орындарын қоқыстан тазартады. Балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, ауыр дене күшін қажет ететін жұмыстарға тартылмайды.

– Он бес жасқа дейінгі балалар жарты күн ғана еңбек етеді. Апталық жұмыс уақыты толық болуы үшін жұма күні толық жұмыс күні ұйымдастырылады. Ал ауа райы қолайсыз болса, жастар коворкинг орталығында түрлі тренингтерге, танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысады. Яғни олар тек еңбек етіп қана қоймай, өздерін жан-жақты дамытуға мүмкіндік алады, – дейді маман.

Белсенді жастарды марапаттаймыз

Әр еңбек жасағының өз бригадирі бар. Олар жұмыс барысын үйлестіріп, қатысушылардың уақытын арнайы табельге белгілеп отырады. Еңбек тәртібін сақтап, жұмысты толық атқарған жастар ай сайын жалақы алады. 14-15 жастағы жасақшылар аптасына 24 сағат, 16-17 жастағылар 36 сағат, ал қалған 18 жастан жоғарылар 40 сағат еңбек етеді. Соған қарай жалақы да шығады.  Жобаға қатысу үшін ата-анасының жазбаша келісімі қажет. Сонымен қатар әр бала бір ғана маусым еңбек етеді.

– Кейбір балалар бізге екінші, тіпті үшінші рет келгісі келеді. Бірақ жобаға қызығушылық өте жоғары болғандықтан, барынша жаңа қатысушыларды қамтуға тырысамыз. Маусым соңында еңбек жасақтарының жұмысы салтанатты түрде қорытындыланып, белсенді жастар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталады, – дейді Нұргүл Сағынаева.

Ауылымыздың көркейюіне өз пайдамызды тигізіп жатырмыз

Біздің қарсы алған жастар қатары өз ойларын жасырмай, ортаға салды. Жобаға қатысушылардың өзі де еңбек жасағының өміріне ерекше ықыласпен қарайды. Мысалы, мектеп оқушысы Бекзат Әлқожин екінші жыл еңбек етіп жүр.

– Таңертең келіп, түске дейін жұмыс істейміз. Жұмыс аса қиын емес. Достарыммен бірге еңбек етіп, жақсы көңіл күйде уақыт өткіземіз. Өз еңбегіммен тапқан ақшаға мектепке қажетті заттарымды аламын. Бұл адамды жауапкершілікке үйретеді, – дейді ол.

Ал 9-сынып оқушысы Дилнұр да еңбек жасағының белсенді мүшелерінің бірі.

 – Өзім білімге құштар балалар арналған Назарбаев Зияткерлік мектебінде (НИШ) оқимын. Бірақ отбасым осы Әулиекөлде тұрады. Жазғы демалыста үйде бос отырғым келмеді. Сондықтан екінші жыл қатарынан осы жасақтың құрамына қосылдым.  Мұнда бәрі ұнайды. Ұжымымыз өте ұйымшыл. Әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жазды бос өткізбей, пайдалы еңбекпен айналысқан дұрыс деп ойлаймын, – дейді ол.

Биыл алғаш рет еңбек жасағына қосылған С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Әли Нұрәлі де алған әсерімен бөлісті.

 – Мен үшін биылғы жыл – алғашқы тәжірибе. Жасақ құрамына бірінші рет кіріп отырмын. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық жағдай жасалған. Мұнда көптеген жаңа достар таптым. Ең бастысы, ауылымыздың көркейюіне өз пайдамызды тигізіп жатырмыз. Жазғы демалысты смартфонға үңіліп өткізгенше, осылай пайдамен өткізген әлдеқайда жақсы. Мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Барлық жағдай жасалған. Жаңа достар таптым. Өз ауылымыздың тазалығына үлес қосып жүргеніміз қуантады. Еңбек етіп, алғашқы табысымды тауып жатқаным ерекше сезім сыйлайды, – дейді жас еңбеккер.

Жастар еңбек жасақтары – жай ғана маусымдық жұмыс емес. Ол жасөспірімдердің еңбекке көзқарасын қалыптастыратын, туған жерге жанашырлық сезімін арттыратын, алғашқы еңбек мектебіне айналған жоба. Мұнда олар тек ақша табуды емес, уақытты бағалауды, ұжыммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді үйренеді.

blank

Ең бастысы жастар туған өлкесінің тазалығы мен көркеюіне өз қолымен үлес қосып жүргенін мақтан тұтады. Осындай игі бастамалар арқылы еңбек адамын құрметтеу мәдениеті қалыптасып, қоғамға пайдалы болудың мәні жас буынның санасына сіңе түсуде. Президент айтқан «Таза Қазақстан» бастамасы да осыны көздейді. Әулиекөлдік жастардың бұл қадамы – өскелең ұрпақтың еңбекқорлығы мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі. Жастар ресурстық орталығының мамандары атап өткендей, жасаққа қабылданған балалар өте жауапты, тәртіпті және кешігу немесе жұмысқа келмей қалу деген жағдайлар мүлдем дерлік кездеспейді. Демек, Әулиекөлдің ертеңі еңбекпен шыңдалған, жауапкершілігі жоғары сенімді қолда!

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Василий Васильев

Әулиекөл ауданы