Еңбекке бас иген

Еңбекке бас иген

Жастар сарайында ҚР Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Яғни, айтулы күнге орай “Еңбек жолы” өңірлік байқауының жеңімпаздары сый-құрметке ие болды. Байқау жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл Қостанай облысында байқауға қатысуға 35 өтінім келіп түскен.       

Байқау екі кезең бойынша өткізіледі, яғни, өңірлік байқаудың жеңімпаздары республикаға жолдама алады. Үш аталымда жеңімпаздар анықталады. “Үздік еңбек әулеті” номинациясында ең ұзақ еңбек өтілі бар, ең көп марапатқа ие, ең үлкен әулет таңдалады, “Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері” кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар ең тиімді тәлімгер болуға тиіс, “Өндірістің үздік жас қызметкері” атағы еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын өндіріс екпіндісіне және еңбекқор қызметкерге беріледі.

Алғашқы аталым бойынша 1-орын Жиембаевтар отбасына бұйырды. Еңбек әулетінің тоғыз мүшелі Қамысты ауданында тұрады және сондағы “Алтынсарино” ЖШС жұмыс істейді. Олардың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі 229 жыл.

– Еңбек жолын ауданда аспаз болып 1980 жылы бастадым. Одан кейін оқуды тәмамдаған соң ауылға оралып 22 жыл астық элеваторында жұмыс істедім. Егін науқаны кезінде жұмыс қыза түсетін. Астық қабылдайтынбыз. Жемді жүк көліктеріне тиеп тиісті жеріне жөнелтетінбіз. Осылайша бел жазбай жиырма жалдан артық жұмыс істедім. Жасым келіп қалған соң жұмыстың ауырлығынан орталық асханаға аспаз болып қайта ауыстым. Әйел адамға оңай емес. Зейнетке шығуыма екі жыл қалды. Бейнеттің зейнетін көрер күнді күтіп жүрмін, – дейді Рысалды Жиембаева.

Жеңімпаздарды Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаев құттықтап, сый-сияпат тапсырды.

– Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде ҚР Еңбек күні аталып өтіледі. Еңбек адамы өзінің жұмысына адалдығымен сыйлы. Осы күн қарсаңында республикалық “Еңбек жолы” байқауы өткізіледі. Аталмыш байқау арқылы еңбекке бас иген адамдарды анықтап, ынталандырып көпшілік ортаға таныта аламыз. Республикалық комиссияның шешімімен жерлесіміз, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы” Солтүстік Қазақстан филиалы Қостанай отрядының Рудный жедел взводының қызметкері Анатолий Исмагулов “Үздік жас қызметкер” аталымы бойынша екінші орынға ие болғанын атап өту керек. Ол Астана қаласында салтанатты марапаттау рәсіміне қатысады. Облыс әкімі Құмар Іргебайұлының және өз атымнан сіздерді марапаттарыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз әркез биік бағалана берсін, – деді Мұрат Сандыбаев.

Екінші орынға ие болған Кулишовтар әулетінің авариялық-құтқару қызметі саласындағы жалпы еңбек өтілі 88 жыл. Отағасы Юрий Васильеев салада 45 жыл тапжылмай қызмет еткен. Ал үшінші орын алған Чечендер отбасы “Қостанай Су” МКК қызмет атқарып келеді. Еңбек әулетінің бес өкілі жөндеу-құрылыс саласында қызмет етеді, олардың жалпы еңбек өтілі 95 жыл. “Өндірістің үздік жас қызметкері” номинациясы бойынша 1-орын Анатолий Исмагуловқа бұйырды. Ол Рудный өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі. Екінші жүлдені иеленген Батима Туғанасова “Қостанай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы” КММ еңбек терапиясы бойынша нұсқаушы болып жұмыс істейді. Григорий Стяжкин дәл осы аталымның үшінші орын иегері. Жітіқара ауданындағы “Қостанай минералдары” АҚ жабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарі. “Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері” аталымында Арзамас жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ольга Шубенок жеңіп шықты. Екінші орынға Қостанай балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әдіскер-тәрбиешісі Ләйла Қарпықова лайық деп танылды. Үштікті Алтай Ахметов түйіндеді, ол Рудныйдағы “Қашар кені” АҚ электромонтер болып жұмыс істейді.

Еңбек адамдарын қошеметтеу, қолпаштау қазіргі қоғамда аса қажет бағыттың бірі болып тұр. Мемлекет басшысының биылғы жолдауында да адал азаматтарды ардақтау, оларды үлгі ету жұмысын жандандыру жөнінде айтылған еді. Салтанатты рәсімді сол тапсырма аясында атқарылған істің бастамасы деп түсінсек те жарасар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Сурттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу