ЕҢБЕГІН ЕЛІ ЕЛЕГЕН Кәкімжан ақсақал 85 жаста

 ЕҢБЕГІН ЕЛІ ЕЛЕГЕН Кәкімжан ақсақал 85 жаста

Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор кездесу кеш өтті. Кештің басты кейіпкері – Қостанай облысының, Арқалық қаласының, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Кәкімжан Карбозов.

Қарияның өткен өмірі, жасаған жақсылығы, өлшеусіз еңбегі жалпақ жұртқа аян. Бұған дейін қазыналы қария туралы жазылған мақалалар мен естеліктерді талай мәрте оқырмандардың назарына ұсындық. Қолдан келгенше еңбегін насихаттадық. Ал, бүгінгі кештің жөні тым бөлек. Себебі, «Елдің ардақты ағасы» атты кеш Кәкімжан ақсақалдың 85 жылдық мерейтойына арналды. Жетінші мүшел жасқа аяқ басқан қария әлі тың. Бойынан қуат, жүзінен нұр таймаған. Кеш барысында шақырылған мәртебелі меймандар кезектесіп, ыстық ықылас пен лебіздерін арнады. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сәлемдемесін ала келген облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов қария жайлы тебіреніп, ел игілігі үшін жасаған еңбектеріне тоқталды. 40 жыл жөндеу көрмеген Арқалық – Торғай бағытындағы тас жол осы ақсақалдың арқасында жүзеге асқанын айтты. Ұялы телефон байланысы мен интернет желісі де осы кісінің ықпалымен орнағанын жеткізді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын өркендету жолындағы еңбегі өлшеусіз екенін тілге тиек етті. Артынша облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, иығына шапан жапты. Аудан әкімі Шота Оспанов сенат депутаттары Ғауез Нұрмұханбетов пен Әли Бекбайдың жолдаған сәлемдемесін жеткізіп, аманатын орындап, құттықтауларын оқып берді. Аудан әкімдігінің атынан Кәкімжан Карбозұлының жұбайы Рәш Әбішеваға қазақы камзол кигізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, Амангелді аудандық мәслихатының төрағасы және Амангелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары, жергілікті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов және ардагерлер алқасы өздерінің ақ тілектерін жолдап, сый-сияпаттарын тапсырды.

Кеш барысында тамаша әуезді әндер шырқалды. Лирикаға толы әндерден кейін мерейтой иесінің көңіл күйі көтеріліп, қайта оралмас жастық шағын еске алып, сахна төрінде вальс биледі. Ия, бұл қарияға деген халықтың ерекше құрметі мен ілтипаты деп білемін. Кәкімжан Карбозов десе, Көлқамыс еске түседі. Кеңес үкіметі тарап, құлдыраған уақытта барлық совхоздар мен бөлімшелер егесіз қалды. Сол уақытта  ұрлық  көбейді. Тас бағаналарды сұлатып, басындағы сымдарын тонады. Халық үдере көшіп, қаншама дүркіреп тұрған совхоздар қаңырап бос қалды. Бірақ Көкалат ауылына қарасты шағын ғана ауыл өз қалпынан айныған жоқ. Бұл, әрине, Кәкімжан ақсақалдың арқасы. Тас баған түгілі, бос қалған үйлердің кірпішін кертуге жол берген жоқ. Алда ойлаған мақсаты болды. Жекешелендіру кезінде «Сыма – К» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысуға бел буды. Бөлімшелерде қалған азын-аулақ тұрғындарды топтастырып, Көлқамыс ауылына жинақтады. Оларды жұмыспен қамтып, еңбекақыларына  ұсақ, ірі қара малын берді. Кейін Тәуелсіздік алған жылдары шаруашылығының ауқымы кеңейді. Өзі құрған шаруашылығын қажетті техникалармен толықтырды. Мал басын көбейтіп, шабындық пен жайылымды жерлердің көлемін ұлғайтты. Біртіндеп мал басын асылдандыруға көшті. Алпысты алқымдап, жетпіске тақағанда шаруашлық құрығын ұлы Манатқа табыстады. Қазіргі таңда шағын ауылда отызға жуық үй бар. Замана көшіне ілескен Көлқамыс ауылының халқы қала тұрғындарынан кем тұрмайды. Барлық үйлерге заман талабына сай құрылыс жұмыстарын жүргізілген. Көшелерге жаяу жүргіншілер жолы төселген. Тұшытылған су қондырғысы бар. Ұялы байланыс пен интернет желісі іске қосылған. Жылына жоқ деген «Инфрақұрылым» бағыты бойынша екі үй салынып отырады. Оны ауылға келген жас мамандарға  тегін береді. Қосымша қыстық отынмен толық қамтиды. Жалпы, жақсы жағдайлар жасалады. Сондықтан бұл ауылдан ешкімнің көшкісі келмейді. Керсінше, көшіп кегісі келетіндердің саны жетіп артылады. Бұл, әрине, Кәкімжан Карбозов салған сара жол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деген сөз.

                                                                      Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

                                                                            Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу