Енді бәрі дұрыс шешім қабылдай алуымызға байланысты

Енді бәрі дұрыс шешім қабылдай алуымызға байланысты

Кеше ел азаматтары Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдумда дауыс берді. Ресми сайлаудың қорытындысы әлі жарияланбағанымен экзит-пол нәтижесі бойынша сайлаушылардың 70 пайыздан астамы атом электр стансасын салуға келісетінін білдіріп дауыс берген.Қазақстан әлемдегі уран қорының көлемі мен оны өндіретін жетекші мемлекеттердің қатарына жататынын ескерсек, дауыс беруге қатысқан азаматтардың басым бөлігінің жақтап дауыс беруі таяу және алыс болашақта өсіп келе жатқан экономиканы энергия тапшылығына ұшыратпай, қажетті қуат көздерімен қамтуға үлес қосу, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мен әл-ауқатының өсуіне тікелей әсерін тигізетінін пайымдағаны деген сөз.
Дегенмен экологтар, ҮЕҰ өкілдері мен азаматтық белсенділердің орынды қарсылығын, алаңдаушылығын да ескергеніміз абзал.
Бұл шешім бұдан былай атом электр стансасын салудың жай-жапсырына, яғни қай мемлекеттердің технологиясын қолданамыз, экологиялық тепе-теңдікті қалай сақтап қаламыз және оны қалай дұрыс қаржыландырамыз деген сияқты т.б. көптеген заңды сауалға дұрыс шешімдер қабылдай алуымызға байланысты. Әсіресе, АЭС салуға тікелей қатысты аса маңызды болып отырған геосаяси қауіп-қатерлерді бүгінгі Үкіметтің сауатты әрі сәтті еңсеруіне де тікелей қатысты болмақ. Бұл дауыс беруден де маңызды іс.

Төлеу ПАНИЯЗ,
саясаттанушы

Жаңалықтармен бөлісу