22 июня, 2025
Елтаңба – ел рухы

Елтаңба – ел рухы

Ата-бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін жан алысып, туымыз үшін күрескен жоқ па еді? Тіпті бүгінгі таңда да кейбір мемлекеттер өз елдігін қорғау үшін талай қақтығыстарға душар болып жатыр. Өздерінің егемендігін ала алмай, не мемлекеттік туы, не елтаңбасы, елдігі жоқ елдер де бар. Сондықтан біз бүгінгі тәуелсіздігімізге шүкіршілік етуден жалықпағанымыз дұрыс.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, өз алдына дара ел ретінде мемлекеттік рәміздерін жасауы және бекітуі қажет болды. Бұл ретте рәміздеріміз қалай дүниеге келді деген заңды сұрақ туындайды. Осы орайда, Рәміздер күні қарсаңында Қостанайға арнайы іс сапармен келген еліміздің Елтаңбасын жасаған көрнекті сәулетші Жандарбек Мәлібековпен жүздесіп, сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Жандарбек Мәлібекұлы, еліміздің рәміздеріне ең алдымен байқау жарияланғанын білеміз. Сол тұста сіз Ташкентте жұмыс істеп жүрген екенсіз? Бір сұхбатыңызда Елтаңба жайлы «Бұл – намыстан туған дүние» депсіз. Жалпы, Елтаңбаның идеясы алғаш қалай келді?

– Егемендік алған алғашқы жылдары шетелдіктердің арасында «Қазақстанның өзіндік тарихы мен мәдениеті жоқ» деген біржақты пікірлер болды. Тіпті, кейбірі біздің салт-дәстүрімізден де бейхабар еді. Бұл сөздер жанымды ауыртты. Себебі, қазақ даласы – адамзат өркениетіне үлкен үлес қосқан байырғы халықтардың мекені. Сақ, ғұн, түркі, қыпшақ дәуірінен басталатын мыңжылдық тарихымыз бар. Менің «Елтаңба намыстан туды» деуім — осы тарихи әділетсіз көзқарасқа қарсылық болатын.


1991 жылдың аяғына қарай Самарқанд қаласындағы Әмір Темір цитаделі жобасына халықаралық қор байқау жариялап, мен соған қатыспақ ниетте дайындалып жүрдім. мен Самарқандта, Әмір Темір цитаделі жобасына арналған халықаралық байқауға қатысып жүрген едім. Бір күні маған танысым «Лениншіл жас» газетін беріп жіберіп жіберіпті. Онда Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз рәміздерін жасауға байқау жариялағаны туралы хабарлама бар екен. Бұл жаңалық мені ерекше толқытты. Тәуелсіз елім үшін бір пайдалы іс атқарғым келді. Бір ай көлемінде Елтаңбаның негізгі идеясы санамда пісіп жетілді. Бұған дейін мен тарихи-археологиялық әдебиеттерді көп оқып, ұлттың рухани тереңіне үңіліп жүргенмін. Сонымен қатар, әлем елдерінің гербтерін де зерттедім. Елтаңбада қазақ халқының бай шежіресі мен мәдени коды – яғни сақтардан бастап қазіргі күнге дейінгі жолы көрініс табуы тиіс деп шештім. Сол сәтте санамда қазақтың «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген ізгі тілектері жаңғыра берді. Бұл – біздің өміріміздің философиясы. Киіз үй бейнесі – отбасының, бірліктің, берекенің символы. Ал «от — ошақ — отан» деген сөздер өзара үйлесіп, Елтаңбаның терең мағыналық негізіне айналды. Елтаңба арқылы мен қазақ халқының рухани кеңістігін, тарихи жадын, отбасылық құндылықтарын және отаншылдық сезімін жеткізгім келді. Бүгінде біз өсіп-өркендеудің жаңа кезеңінде тұрмыз. Ал сол жолдың бастауы – тарихымызда, дәстүрімізде. Елтаңба – соның барлығын тұтас көрсететін ұлттық белгі.

– Елтаңбаның ары қарайғы тағдыры қалай өрілді?

– Ташкентте негізгі жұмысыммен қатар, еліміздің болашақ Елтаңбасына арналған байқауға қатысып, оның шарттарына сәйкес 50 сантиметрлік диаметрде макетін әзірледім. 1992 жылдың сәуір айының соңында осы еңбегімді №173 тіркеу нөмірімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қарауына тапсырдым. Сол жылдың мамыр айында Жоғарғы Кеңестің шақыруымен байқау комиссиясының жұмысына қатысу үшін Ташкенттен арнайы келіп-кетіп жүрдім. Кейін байқауға барлығы 293 жұмыс ұсынылғанын білдім. Бұл — байқаудың ауқымды әрі әділетті түрде өткізілгенін, сондай-ақ оған деген үлкен қызығушылық пен жауапкершілікті аңғартады. Өйткені бұл жерде тек сурет немесе нышан емес, тұтас мемлекеттің келбетін бейнелейтін рәміздердің тағдыры шешіліп жатты. Қазақстанның танымал ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Үкімет мүшелері, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жиында еңбегімізге баға берілді. Сәуір айының соңында Алматыға Елтаңбаның түпнұсқасын жеткіздім. Диаметрі екі метрге жуық бұл нұсқаны ұшақпен немесе пойызбен тасымалдау мүмкін болмағандықтан, Шымкенттен арнайы «КамАЗ» жүк көлігін жалдап, жабық күйде алып келуге тура келді. 1992 жылғы 4 маусымда мемлекеттік рәміздерге қатысты қызу талқылау басталды. Сол күні Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Әнұраны қабылданып, Туы бекітілді. Ал Елтаңба нұсқалары арасынан 293 жұмыстың ішінен 10-ы іріктеліп алынып, соның ішінде мен әзірлеген нұсқа үздіктер қатарынан табылды. Комиссияның сұрауы бойынша Елтаңбаның екі нұсқасы көпшілікке көрсетілді: бірінде қошқар мүйізі мен жұлдыз белгісі жоқ, екіншісінде бұл нышандар сақталған. Комиссия мен депутаттардың кейбірі мүйіз бен жұлдыздың мағынасынан күмәнданып, екінші нұсқаны қолдады. Алайда қызу пікірталасты ҚР Президенті қорытындылап, нәтижесінде ұлттық болмысымызды бейнелейтін қошқар мүйізі мен жұлдызы бар Елтаңба қабылданды.

– Жасалғанына ширек ғасыр болған Елтаңбаның философиялық мәніне тереңірек тоқталып өтсеңіз…

– Елтаңба — ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл мұрасы мен ұлттың болмысын айқындайтын қасиетті нышан. Онда елдің рухани тамыры, тарихи жады мен мәдени коды бейнеленіп, әрбір белгісі арқылы Мәңгілік Ел идеясы көрініс табады. Елтаңбаның өзегі – киіз үйдің бейнесі. Бұл – тек тұрмыстық емес, қазақ философиясының алтын арқауы, бірлік пен берекенің, шаңырақтың символы. Осының бәрі геральдикалық көріністермен сипатталған. Геральдикалық көріністер – елтаңбадағы ұлттық тарихымыздың, мәдениетіміздің, дәстүріміздің құндылықтарына қысқаша түсінік беретін рәміздік үйлесімділік. Үш ғасырдай бойы деформация мен деградацияға ұшыраған тарихымыз бен мәдениетіміз Тәуелсіздіктің арқасында ғана қайта жанданды. Біздің заманымызға дейінгі 4-3 мыңжылдықтан ХХ ғасырға дейін шығысы – Хинған жотасынан, батысы – Қырым түбегіне дейін сақ пен ғұнның, көк түріктің ұрпағына қалдырған басты құндылығы – таңба. Таңба – ежелгі бабаларымыздан бермен қарай үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық түп-тегіміздің төлқұжаты. Қазақтың бүгінгі Ұлы Даласындағы Алтай, Жетісу, Тәңіртау, Қаратау, Ертіс, Еділ бойын ежелден бері баба тайпаларымыздың мекендегенін олардың таңбалары айна-қатесіз көрсетеді. Сондықтан таңба жүйесін – Ұлы Дала мәдениетіндегі информациялық институт деуіміз дұрыс. Елтаңба және Алтын адам немесе Сақ дәуірі тақырыбы Аң стилін айшықтайды. Б.з.д. V-IV ғғ. арғы қазақ тегі, тайпалық негізі туралы кеңес тұсында жаңсақ пікірлер қалыптасқаны жасырын емес. 1973 жылы археолог Кемал Ақышев Есік (Ыссық) қорғанынан тапқан Алтын киімді сақ жауынгерінің келбеті, болмысы әлемді таңқалдырды. Бұл – рухани мәдениетіміздің тереңдігін көрсететін айғақ. Елтаңбадағы аңдар мен жануарлар бейнесінің негізі көнеден бастау алады. Арқайым, Ботай, Шыңғыстау мен Тарбағатай бөктерінен, Шілікті алқабынан табылған мұраның айтары да, берері де көп. Б.з.д. VII-VI ғғ. Майемір мен V-IV ғғ. Құлажорға кезеңі, б.з.д. II-I ғғ. басқа да археологиялық жәдігерлер — Бұғытастар, Ғұн дәуірінің алтын әшекейлері, Тәңірқұт тәжісі, алтын қапсырмалар, сәйгүлігімен жерленген адам мүрдесі сияқты ғұрыптық кешендер – мыңдаған жылдардың жазылмаған тарихы. Бұл үрдіс Таулы Алтай, Алтынкөл, Қосағаш аймақтарына да тән болып отыр. Қазақ елін тұлпарлар мекені ретінде көрсететін бөлікте жылқының әлемде алғаш рет қазақ даласында үйретілгендігі негізіндегі ойлар мен бейнелер баяндалады. Елтаңбада тұлпарлардың «Жылқы киік» бедерімен айшықталуы да сондықтан. Солтүстік Қазақстандағы көне Ботай мәдениетіне қарап, Сақ, Ғұн кезеңдеріне дейін де, кейін де «жылқы» ерекше қастерленгенін, әдет-ғұрыптың ажырамас бір бөлігіне айналғанын аңғарамыз. Көк түрік, Оғыз-қыпшақ дәуіріне ден қойып қарасақ, Дала демократиясының қалыптасуы, ел басқарудағы әдет-ғұрып институттарының өркендеп өсуі, ақсақалдар мен көсем-билер жүйесінің қалыптасуы ерекше жүйеленгенін байқаймыз.
Қазақтың Елтаңбасы — тек рәміз емес, ол — ұлттың тарихы мен тағдырының көркем шежіресі. Ондағы киелі шаңырақ — ұрпақ сабақтастығының, тұлпарлар — ерлік пен еркіндіктің, темірқазық — бағыт пен болашақтың символы. Қазақтың киіз үйі – дүниеде теңдесі жоқ құндылық. Міне, Елтаңба идеясының алтын тұғыры осында.

– Мемлекеттік нышандардың насихатталуында кемшін тұстар бар ма?

– Қазақ халқы – ғасырлар бойы өсіп-өркендеп, ұрпақ санын көбейтіп, айналасындағы елдерге достық пен ынтымақпен қараған бақытты халық. Қазақтың өзіне тән бұзылмайтын салт-дәстүрі, дүниетанымы мен парасаты бар. Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен құрған қағанаттар мен хандықтар – Мәңгілік елдің негізі. Бұл тек таста жазылған сөз емес, бүгінгі мен ертеңнің өміршең идеясы. Осы тұрғыдан әрбір мемлекеттік рәміз – елдің ең басты арманы, идеясы, болашағын біріктіретін маңызды белгі болуы тиіс. Шүкір, түрлі салтанатты іс-шараларда, халықаралық деңгейде Әнұранымыз шырқалып, туымыз желбіреп жатыр. Мен де мұндай сәттерде ерекше толқынысқа бөленемін. Дегенмен, Елтаңба туралы жиі ұмытып кетеміз. Жапондар – Күншығыс елі болса, біз – Күн таңбалы Ұлы дала еліміз. Осыны марқұм қаламгер Ақселеу Сейдімбек те жиі айтатын еді. Сондықтан Елтаңбаны кеңінен насихаттау мәселесін жүйелі түрде қолға алу қажет. Ұсынысым да бар, Елтаңба өндіретін кәсіпкерлер бұл рәміз туралы арнайы әдістемелік құралдар шығарса жақсы болар еді. Оларды балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарының оқушыларына, ересек азаматтарға және туристерге таратып, ұлттық нышанымыздың танымын арттыруға мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, шетелдегі қандастарымызды да ескермеу мүмкін емес. Олар дүниенің қай бұрышында жүрсе де, атажұрттары Қазақстан екенін әрдайым есте сақтауы керек. Кейде олар менің ұялы телефоныма хабарласып, рәміздеріміздің шет мемлекеттерде насихатталуы жайлы ойларын жеткізеді. Бұдан олардың елге деген сағыныштары мен махаббаттары байқалады. Алайда, біз өзіміздің мемлекеттік рәміздеріміздің орнына кейде Қытайда жасалған Елтаңбаларды Қазақстанға әкеліп жүрміз. Бұл — өте ұят жағдай! Рәміздерді жасайтын кәсіпорындар сапаға көбірек мән беріп, өнімдерінің жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етуі қажет. Ең бастысы, Елтаңбаға тек бейне ретінде қарамай, ол – баға жетпес құндылық екенін түсіндіріп, насихаттауды күшейтуіміз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – Жансая СӘБИТБЕК