Аламан сүйер қауым наурыз мерекесі қарсаңында Обаған алабындағы қыр басына жиналды. Қырдағы қар көбесі әлі сөгітіле қоймаған. Қыстың ызғары сол күйі басылмай тұр. Бәйге десе алып ұшқан көңілге ондай аура райының қолайсыздығы кедергі келтірмесі анық. Үсті-үстіне ел қарасы көбейді. Әртүрлі жабындыларымен бәйге аттары сап түзейтін уақыт та таяды. Үш шақырымдық тай жарысына меже белгіленді. Жарыс бастала сала ат танитын сыншы қауым күрең түсті қасқа тайдан көп үміт күткен еді. Тұлпарың жарысқа қосыла сала, үстіндегі шабандозын құлата қашып, шеңберді өзі айналып өтті. Намысқа тырысқан жануардың иесі келесі айналымда күреңді күтіп алып, шабандозымен додаға қайта қосты. Бойында бірқағары бар жануар сонда да төртінші келді. “Әуелде тізгінінде салмақтырақ бала отырғанда, бәйгені бермес еді…” деп жатты жиналған жұрт. Осы тай жарысының үшінші айналымында тағы бір жүйрік өзгелерден ерекше көзге түсіп, мәре сызығына көшбасшыладың бірі болып жететіндей жүйткіп келе жатқан. Ойламаған тұстан жануардың тұяғы жол жиегіндегі ойыққа қадалды да қалды. “Жақсы аттың аяқтан кететіні” осы екен деп, сәл алаңдаған қауымның албырт көңілі аламанға қайта ауды. Осылайша мәре сызығын алғаш болып шабандоз Елшат Ерлан тізгіндеген торы тай кесіп өтті. Келесі құнан бәйгеге ауылдың он бес шақты аты қосылды. Алты шақырымдық айналымның ортан беліне таяғанда Айназ атты арғымақтың иесі: “Әзірге, сабазым, көш соңында келе жатыр. Шабысынан танып тұрмын..!”, – деді алысқа көз тіге қосқан жүйрігінің көш басында келетініне сенімділік танытып. Соңғы айналымға келгенде шабандоздар қамшыны басты. Сәуегейлік танытқан иесінің зор сенімін ақтағандай, Айназ есімді әлгі екі жастағы байтал бәйгеде бірінші келді. Бұл тұлпар жас кәсіпкер Әділ Ахметовке тиесілі болатын. Қазанат пен Қостанай жылқысының текті тұяғы аламанда байтал шауып бәйге алатынын осылайша дәлелдеді.
Тоғыз шақырымдық тоқ бәйгеден Тұмар есімді жүйрік алдына қара салдырған жоқ. Бұл тұлпарды да шабандоз Елшат Ерлан тізгіндеген болатын. Осылайша бәйгенің үздік шабандозы атанды. Елшат екі жылдан бері атқа шабуға әбден машықтанып қалған. Жасы он үштен енді асты.
“Мені атқа Руслан Қайратұлы ағам отырғызып үйретті. Содан бері бос уақымды осы іске арнап келемін. Былтырдан жүлделі орындарға қол жеткізе бастадым. Науырзым ауданында өткен аламан бәйгеде 150 мың теңге ақшалай сыйлық ұтып алдым. Содан кейін екі-үш рет аудан көлемінде жеңімпаз атандым. Бүгінгі жарыстар мейлінше тартысты әрі әділ өтті. Мен шапқан аттар сол Руслан Қабжалел мен Ғасыр Берекеұлының арғымақтары.Тай жарыста қарсыластарымнан ұзап кетуді ойладым. Құнан бәйгеде қашықтықты жарты шақырым сайын қосып отыруды жоспарладым. Оған сәл уақыт жетпей қалды. Сол қателігімді кейін аламан бәйгеде түзеттім”, – дейді шабандоз.
Айбек Ғалымұлы,
Алтынсарин ауданы