Елорда – мемлекеттің жүрегі

Елорда – мемлекеттің жүрегі

Астана – елдің әкімшілік орталығы ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның өрлеуі мен жаңғыруының жарқын символы.

Бүгінде Астана мемлекетіміздің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегіне айналып, әрбір қазақстандықтың мақтанышына айналған шаһар. Бас қаланың мерейлі мерекесі қарсаңында елорданың тарихы мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттайтын тағылымды іс-шаралар өңірлерде де кеңінен ұйымдастырылуда.

Осы орайда 6 шілде – Астана күніне орай Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Елорда – мемлекеттің жүрегі» атты интеллектуалды-танымдық сабақ өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – елорданың қалыптасу тарихын дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ қатысушылардың тарихи танымын арттыру болды.

blank

Сабақ бірнеше қызықты кезеңнен тұрды. Қатысушылар викторина, «Полиглот», сәйкестендіру және басқа да танымдық тапсырмалар арқылы өз білімдерін, тапқырлықтарын және жылдам ойлау қабілеттерін сынады. Елорданың тарихы, көрікті ғимараттары, мемлекеттік рәміздер мен ел дамуына қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, өзара білім сайысына түсті.

Әр кезең тартысты өтіп, қатысушылар жоғары белсенділік танытты. Тапсырмалар ұйымшылдықпен орындалып, пікір алмасу мен еркін сұхбат сабақтың мазмұнын байыта түсті. Көтеріңкі көңіл күйде өткен іс-шара мемлекеттік қызметкерлердің білімін толықтырып қана қоймай, ел тарихына, мемлекеттік тілге және ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра түсті. Осындай мазмұнды кездесулер елорданың ел өміріндегі айрықша орнын кеңінен насихаттап, отансүйгіштік рухты нығайтуға қызмет етеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Рудный қаласы