Елімізде наурыз айының аяғында қар күрт еріп, бұрын-соңды күтпеген табиғат апаты болды. Соның салдарынан он облыста төтенше жағдай жарияланды. Қариялардың айтуынша, бұл су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат көрінеді.
Бір ғана біздің облыста қаншама үйді су басты, мал қырылды. Шығын шаш-етектен. Абырой болғанда, төтеден киліккен апатқа ел болып қарсы тұра білді. Қысылтаяң шақта “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, ұйымшылдық таныта білген ағайынның арқасында қауіптің беті ептеп сейілді. Дегенмен қуануға әлі ерте. Судың деңгейі төмендегенмен, Торғай өңірінде, әсіресе, Жанкелдин ауданындағы ауылдар әлі үрей үстінде отыр. Күре жолдарды тасқын су басқан. Күнделікті теледидар жаңалықтарынан біліп отырғанымыздай, топан су біздің облыстан бөлек Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарын дүрбелеңге салып қойды. Бұлай болар кім білген?! Жағдайды Президенттің өзі жіті қадағалап отыр. Республикада тасқын суға қарсы арнайы штаб құрылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің халыққа жолдаған үндеуінде алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығару керектігін айтты. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алу шарт. “Ауруын жасырған өледі” демей ме халқымыз, шыны керек, мұндай телегей-теңіз апатқа қарсы тұру шаралары алдын ала ойластырылуы керек еді. Бізде апаттың алдын алуға қатысты кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшылығы, табиғатқа немқұрайлы қарау мәселелері реттелмеген. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Жалпы, бұл апат тек біздің елде ғана емес, көршілес Ресей Федерациясының кей өңірін де айналып өткен жоқ. Мына Орск, Орынбор қалалары, мына жағымыздағы Қорған облыстары да тасқын судың зардабын тартып отыр. Сондықтан бұны тек біздің елге ғана төнген нәубет деп қарамау керек. Жер шарындағы көптеген мемлекетте де осындай топан су басқан елді мекендер көп. Ал енді осындай қысылтаяң шақта елді дүрлігіске итермелейтін тағы бір кесірлі нәрсе бар екенін де жасырмай айту керек. “Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады” демекші, жұрт онсызда үрейленіп жатқанда кейбір арандатушы топ ел ішінде түрлі жалған ақпарат таратып, «аттандап» жатыр. Олар жазасыз қалмас. Ең бастысы, еліміздің көгін бұлт торламасын! Ағайын аман, малымыз түгел болсын! “Бір жаманның бір жақсысы бар” деген, қуанышты күндеріміз көбейе түскей!
Байдырахман Қосқолов,
Қостанай қаласының тұрғыны,
Еңбек ардагері.