Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызды орында. Бұл туралы «АМАNАТ» партиясының облыстық отбасы және әлеуметтік қорғау кеңесінің отырысында сөз болды.
«Жергілікті жерлерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін мұғалімдердің әлеуеті арттырылуда. Соның арқасында 116 мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларды бейімдеуге толық жағдай жасалған», – деп атап өтті облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
2019 жылдан бастап облыста «Болашақ», «Дара», «Қамқорлық» қайырымдылық қорларының бастамалары іске асты. Осындай 14 орта мектепте 14 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істей бастады. Бұл ұйымдардың ашылуы оқуда қиындықтары бар 126 балаға педагогтер мен логопед, психологтардың көмегін алуға мүмкіндік берді.
«Осы жылдың соңына қарай Әулиекөл, Алтынсарин, Денисов, Қарабалық аудандарында және Лисаков қаласында 5 инклюзивті қолдау бөлмесін және 1 Мектепке дейінгі дайындық бөлмесін ашу жоспарлануда. Бұл жобаны 8,5 млн теңге сомасында қаржыландыру қарастырылған», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға енуі білім мен жұмысқа орналасуы маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Қазақстанда 2021 жылы заңнамаға елімізде инклюзивті білім беруді енгізуді көздейтін түзетулер қабылданды. Яғни, бұрын ерекше қажеттіліктері бар балалар жалпы орта білімді үйде немесе мамандандырылған орталықтарда алуға мәжбүр болса, Қазақстанда инклюзивті білім беру енгізілгеннен кейін бұл санаттағы балалар басқа оқушылармен бірге қарапайым мектептерде оқи бастады. Инклюзивті білім беру қоршаған ортаның осы санаттағы адамдардың құқықтарын құрметтеуге және оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдауға үйретті.