Биылдан бастап мал сою орындарында сараптама актісі мен анықтама беру үшін ол жануардың өмірлік циклі туралы ақпарат цифрландырылды. Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста бұл процес «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» жаңа модулінің арқасында жүзеге асырылып отырғаны айтылды.
Бұл QR бұдан былай ет сатылатын орындарға орналастырылып, ветеринариялық тексерусіз мал союдың алдын алуға мүмкіндік бермек. Жаңа модуль Алматы, Павлодар және Жетісу облыстарында пилоттық режимде сыналып жатыр.
Рrimeminister.kz сайтының мәліметіне сәйкес, бұл тәсіл шекаралық өткізу бекеттеріне де енгізілді. Келіп түскен жүк туралы мәліметтер ақпарат жүйесіне енгізіліп, тексеру мен сынама алу актілерінің электрондық нұсқасын қалыптастырады. Ол ақпарат мемлекеттік ветеринариялық инспектор мен ветеринариялық зертхана қызметкеріне жіберіледі. Жүйе Павлодар облысының шекара маңындағы бекеттерінде тестілеуден сәтті өтті.
«Ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның 109-ы – ет өңдеу кәсіпорны, 281-і – мал сою пункті мен 514 мал сою алаңы жұмыс істейді. Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 106 мал сою нысаны жабылды. 2023 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері алынды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Бердалин.
Вице-министр осы орайда, барлық ірі ауылдық округте ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы бар мал сою орындарын ашу қажеттігін айтты.
«Мал сою алаңдары өтпелі кезеңде мәжбүрлі шара ретінде ашылғандықтан, қазір заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, содан кейін мал сою алаңдары жойылатын болады», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Вице-министрдің пайымдауынша, елімізде жануарлар мен құстарды жоспар бойынша диагностикадан өткізіп, вакциналау шаралары қауіпті аурулардың 38%-ға төмендеуіне ықпал етіп отыр. Диагностикалық алдын алу іс-шаралары туралы барлық бұл мәлімет АШЖБ базасына енгізілген.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірге мал союдағы жаңашылдықтар, олардың артықшылықтары бойынша тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды.