Елімізде жолшыларды даярлау үшін мыңға жуық мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді

Елімізде жолшыларды даярлау үшін мыңға жуық мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді

ҚР Көлік министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі және Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының бірлескен жұмысының нәтижесінде елімізде «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша жеке бағдарлама қайта жанданды.

Бұрын-соңды жүргізілген талдауға сәйкес, қазір жол саласында 1,5 мыңға жуық маман жетіспейді. Осылайша, автожол саласындағы кадр тапшылығының жүйелі проблемаларының бірін шешу үшін білікті жолшыларды даярлау бағытына биыл мыңға жуық мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді.
Жол саласы мамандарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазақстан аумағында республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды қайта жаңғырту, жаңа ықшам аудандардың пайда болуына байланысты ауыл және аула ішілік жолдар салу қарқын алды. Сапалы, тақтайдай тегіс жол салу үшін де білікті мамандар қажет.

Қостанай қаласының №7 және №16 ЖОМ түлектерімен кездескен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қостанай облыстық филиалының инженерлері Әлібек Қуантаев пен Арслан Баукин жол құрылысы саласының қазіргі тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды. Жолшыларға мемлекет және мердігер мекемелер тарапынан жасалатын жағдай туралы кеңінен әңгімеледі. Жоғары әрі тұрақты жалақы, білімдерін жетілдіру үшін түрлі оқу-семинарлар, тәжірибе алмасу мақсатындағы жұмыстардың жолға қойылғанын жеткізді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін мәлімдеген еді.
«Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр», — деді Қ.Тоқаев.
Қысқасы, жолдың сапалы болуы заман табына сай білімді,  білікті кадрдан басталады. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын соңғы төрт жылдан бері қолға алып келеді.

Жаңалықтармен бөлісу