ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Halyk Bank медициналық инфрақұрылымды жақсартуға және халықтың медициналық көмек алуы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін бірлескен инновациялық жобалар туралы келісті. Бұл үшін банктің цифрлық технологиялары белсенді пайдаланылатын болады деп жоспарлануда.
Тиісті меморандумға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қол қойды. Құжатта денсаулық сақтауды цифрландыру, әлеуметтік мәні бар аурулардың профилактикасы бағдарламаларын қолдау және шалғай өңірлерді қоса алғанда, Қазақстанның барлық азаматтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылған.
«Halyk Bank-пен ынтымақтастық денсаулық сақтау жүйесіне озық технологияларды енгізуге және сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді. Біз еліміздің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда шешуші рөл атқаратын ірі қаржы институттарымен әріптестікте зор әлеуетті көріп отырмыз»,— деп атап өтті министр Ақмарал Әлназарова.
Өз тарапынан Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыс заманауи технологияларды енгізуге және ұлт денсаулығын қолдау үшін жаңа бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
«Біз медициналық мекемелердің жабдықтарын жаңғыртуға белсенді қатысуға, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды қолдауға дайынбыз. Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізу денсаулық сақтау жүйесіне деген ашықтық пен сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігімен әріптестігіміз халықтың заманауи талаптары мен қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді, қолжетімді және жоғары сапалы жүйені құру үшін негіз болады деп үміттенеміз», — деп атап өтті Үміт Шаяхметова.
Бұл ынтымақтастық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайтуға және Қазақстанда медицина мен денсаулық сақтаудың тұрақты дамуына жәрдемдесуге маңызды қадам болады деп болжануда.