Біріншіден, жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлерді қайта алу жеңілдетілді. Егер сіз басқа аймаққа көшкен болсаңыз, онда алдыңғы аймақта алынған жоғары сұранысқа ие нөмірді өзіңізде қалдыра аласыз. Сонымен қатар дәл осындай нөмірлерді жақын туыстарыңызға, яғни ата-анаңызға, бауырларыңызға, балаларыңыз немесе жұбайыңызға қайта рәсімдей аласыз.
“Біз бұл түзетулерді осыған ұқсас жағдайларға тап болған азаматтардың өтініштерін ескере отырып ұсындық. Екіншіден, көлікті тіркеу процесін жеңілдету үшін біз оның техникалық сипаттамалары бойынша бірқатар қағаз құжаттардан бас тарттық. Қазақстанда көлікті бастапқы тіркеу кезінде біз бұл құжаттарды мемлекеттік органдардың дерекқорынан электронды түрде алатын боламыз”, – дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу кезінде алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында автокөліктерді сату-сатып алу келісімін нотариалды куәландыру бойынша талап қайтарылды. Дәл осы мақсатта көлікті бастапқы тіркеу немесе кузовты ауыстыру, қайта жабдықтау немесе оның түсін ауыстыру барысында міндетті түрде криминалистер тарапынан көліктің тексерілуі енгізілді. Бұдан басқа, “А”, “В” санатындағы жеңіл көліктер мен мотоциклдерге жүргізу куәлігін алу үшін міндетті түрде көлік мектептерінде оқудан өту қажет.
“Олар көліктердің ең көп таралған түрлері болғандықтан, жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайды. Сондықтан оларды жүргізу үшін кешенді теориялық және практикалық даярлықтан өту керек”, – деп түсіндіреді министрліктің ресми өкілі.
Жалпы 53 түзету қабылданып, осы жылдың 23 сәуірінен бастап күшіне енген.