Биыл елімізде электр энергетика саласында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Ол жағдайдың тұтынушыларға әсері қандай болмақ? Осы жайлы толғандырған сауалдарымызға «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаменті» мемлекеттік мекемесінің басшысы Тимур Әуесханұлы жауап берді.
– Тимур Әуесханұлы, біздің елімізде бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасалуда. Электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге қандай өзгерістер енгізілді?
– Иә, электр энергетикасына қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 25.02.2015 жылғы №143 бұйрығымен бекітілген электр энергиясын пайдалану қағидаларында электрмен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды, құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу қажеттілігі алынып тасталды. Енді жобалаушыға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталғаны туралы электрондық нысанда хабарлама жіберу жеткілікті.
Бұдан басқа, мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау жөніндегі органнан электр желілеріне қосылуға рұқсат алу қажет емес. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шартын жасасудың бір апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды. Желіге қосар алдында энергетикалық сараптама жүргізу қажеттілігі алынып тасталды.
– Салада көптеген жеңілдіктер болып жатыр екен. Осы жайлы тұтынушыларға түсініктірек болуы үшін толығырақ тоқтала кетсеңіз?
– Тұтынушы энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосылуға өтінім береді. Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан еркін нысандағы өтінішті алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде жауап беруі тиіс. Ол тұтынушыға электр желілеріне қосу схемасымен электр желілерінің теңгерімдік тиесілігін анықтайтын құжат, яғни тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісі бар жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар беріледі. Осы орайда тұтынушы жобалық құжаттаманы әзірлеп, электр қондырғыларын орнатпай тұрып тиісті лицензиясы бар ұйымдардың берілген техникалық шарттар талаптарын орындауға міндетті. Осыдан кейін ғана монтаждау ұйымы энергия беруші ұйымға берілген техникалық шарттардың орындалуы және кернеуді беруге дайындығы туралы хабарлама жібереді. Шарт жасасуға арналған белгілі бір құжаттар тізбесін қоса бере отырып, электрмен жабдықтау шартының акцепті туралы өтініш жіберіледі. Энергия беруші ұйым хабарламаны алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде сыртқы қосылуды және орындалған жұмыстардың берілген техникалық шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады. Энергия беруші ұйым хабарлама алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде кернеу беруді жүргізеді, коммерциялық есепке алу жүйесін (электр есептегішті) пломбалайды және есепке алу жүйесін пломбалау актісін береді. Орындалған жұмыстарда кемшіліктер анықталған жағдайда энергия беруші ұйым 2 жұмыс күні ішінде анықталған кемшіліктер туралы акт береді. Электр желілеріне қосылу процесі бойынша сұрақтар туындаған кезде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментіне, 8 (7142) 50-02-60 байланыс телефонына немесе «E – Otinish» АЖ арқылы жүгінуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!