Қазақстанда кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғалар үшін лизингті енгізуді қарастыратын түзетулер зерттеліп жатыр. Тиісті түзетулер қабылданса, қазақстандықтар кейіннен сатып алу арқылы ұзақ мерзімге жалға берілетін баспана мен көлік ала алады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депутаттық бастама шеңберінде жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалар үшін лизингті енгізуді көздейтін заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар блогы “Бизнесті жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына енгізілген. Қазіргі уақытта түзетулер Үкіметпен келісу рәсімінен өтіп жатыр, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
“Бастама жасалған түзетулер лизинг алушы ұғымын кеңейту арқылы жеке тұлғалар үшін лизинг енгізуге бағытталған. Түзетулерге сәйкес, жеке тұлғалардың шарттары бойынша лизинг нысанасы мемлекеттік тіркеуге жататын жеке тұрғын үй, пәтер, автомобиль көлігі болуы мүмкін”, – делінген ресми жауапта.