Электрші – жауапты да сауапты әрі қауіпті мамандық. Әдетте электршілер еңбегі қоғам назарына да жиі іліге бермейді. Бірақ таңдауы осы кәсіпке түсіп, өз ісіне шын берілген адамдар аз емес. Сондай азаматтардың бірі – Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны Валерий Петерс. Ол осы салада қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Валерий Владимирович 1963 жылы дүниеге келген. Оның электрші мамандығына деген қызығушылығы жас күнінен ояныпты. Мектеп қабырғансында жүрген кезінен-ақ бойындағы қабілетін байқап, өмірін осы салаға арнауға шешім қабылдаған. Ақырында дәл осы мамандықты таңдап, кәсіби білім алып шығады. Содан бері тәжірибесі мен біліктілігін дамытып-жетілдіруді бір сәтке тоқтатып көрмеген.
Ол аудандық электр желілерінде 1981 жылдың 11 қараша айынан жұмыс істей бастады. Тәжірибелі маман осы жылдар ішінде сауатты, білікті маман ретінде таныла білді. Қандай да бір өндірістік мәселелер туындай қалғанда ол еш уақытта шет қалып көрген емес. Әріптестерінің айтуынша, ол мұндай жағдайларда белсене білек түріп, жеке бастамасын алға тартып, кез келген іске ауыр-жеңіліне қарамастан кірісіп кетеді екен. Оның өз жұмысына асқан жауапкершілікпен, адалдықпен қарайтыны, еңбекқорлығы, мақсатшылдығы ұжымында жоғары бағаланады. Кәсіпқой маманның сыйын асырып, абыройын арттырып отырған да осындай бөлек болмысы, ерек қарым-қабілеті болса керек. Ол бүгінде өңірге танымал компания – «ЭПК-forfait» ЖШС-де электр монтері болып жұмыс істейді.
«Ел ішінде «электрші мен сапер ғана өмірінде бір-ақ рет қателеседі» дейтін сөз бар еді ғой. Расымен де, біздің кәсіп селсоқтық пен шалалықты, ұқыпсыздық пен жауапсыздықты, біліксіздікті кешірмейді. Сондықтан біздің мамандықты, былайғы көзге елеусіздеу көрінгенімен, жеңіл деуге келмейді. Тұтас бір елді мекен электр қуатымен үзіліссіз қамтамасыз етіліп отырса, ол біздің де көңілімізге қуат береді», – дейді Валерий.
Электршінің көп жылдық еңбегі де елеусіз-ескерусіз қалып жатқан жоқ. Көптеген марапаттың иегері атанған. Мәселен, ол 2016 жылы энергетика саласындағы 35 жылдық еңбегіне байланысты өзі қызмет ететін «ЭПК-forfait» ЖШС басшылығының Құрмет грамотасын иеленді. 2018 жылы еңбек сіңірген қызметкерлердің құрмет тақтасына есімі енгізілді. 2020 жылы ГОЭЛРО (Ресейді электрлендіру жөніндегі мемлекеттік комиссия) 100 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталды. 2021 жылы Бейімбет Майлин ауданы әкімінің грамотасымен ардақталды.
Қарапайым көрігенімен, қоғам тіршілігі үшін маңызы зор салаларда қызмет ететін мамандарға, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ерекше тоқталған еді. Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауының мәні де сонда.