Қостанай полицейлері “Заңсыз келуші” жедел алдын алу шарасының бірінші күнінде еліміздің көші-қон заңнамасы аясында 50-ден астам заң бұзушылықты анықтады деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметінен.
“Заңсыз келуші – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде көші-қон қызметінің мамандары ел аумағында Өзбекстан Республикасының 17 азаматының құрылысшы ретінде заңсыз жұмысқа қабылданғанын анықтаған.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 394-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілеріне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
– 23 азамат ішкі істер органдарын шетелдіктердің өздерінде болғандығы туралы хабардар етпегені үшін, 3 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп түсіндірді көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев.
“Күшейтілген рейдтік іс-шаралар барысында тұрғын үйлер мен жатақханаларды араладық. Шетелдіктердің болуы мүмкін шалғай жерлерді тексеруге ерекше назар аударылады”, – дейді ПД мамандары.
Полицейлер бұрын сот шешімімен шығарылған шетел азаматтары заңда белгіленген мерзімде елден кетуі керек екенін еске салады. Сот үкімін орындамаған жағдайда елден күштеп шығарылып, жүріп-тұру бостандығы шектелмек.