Елде электронды коммерцияны оқыту орталықтары ашылады

Елде электронды коммерцияны оқыту орталықтары ашылады

Шағын және орта бизнес субъектілеріне кешенді мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде электронды коммерцияны оқыту орталықтары ашылады деп хабарлайды primeminister.kz. Бүгінде мұндай оқыту орталықтары батыс өңіріндегі төрт аймақта іске қосылды. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді.

Жаһандық электрондық сауда нарығы озық қарқынмен өсуде. Электрондық сауда жан-жақты дамуға ықпал ете отырып, Әлемдік экономикалық өсудің жаңа драйверіне айналды.

Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2026 жылға қарай В2С әлемдік электрондық нарығы – $8,2 трлн-ды құрайды. Олардың бағалауы бойынша, 2022 жылы бұл көрсеткіш $5,7 трлн-ды құрады. 2022 жылғы қорытынды бойынша Қазақстанда электрондық сауданың үлесі – 12,5%-ды құрады, бұл шамамен 2 трлн теңге. Интернет арқылы өткізілген негізгі тауарлар: үй тауарлары, киім және аяқ киім, тамақ өнімдері, косметика, дәрі-дәрмектер.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес электрондық сауда қызметтер нарығының көлемі 1,2 трлн теңгені құраған, оның 50,3 %-ы жолаушыларды тасымалдау қызметіне тиесілі.

Өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені немесе бөлшек көлемінен 13%-ды құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған электрондық сауда үлесі 13,2%-ды құрауы тиіс.

«Министрліктің алдында электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Басқа да атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталатын болсам. Бірінші кезекте, Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп электрондық коммерцияның статистикасын қалыптастыру әдістемесін қайта қарадық. 2025 жылға дейін электрондық сауданы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында түзетулер әзірленіп, қазіргі таңда осы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда», — деп мәлімдеді министр.

Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, электрондық коммерция мектебі жобасы іске асырылып, оның шеңберінде 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері оқыту курсынан өткен. Маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Бүгінде Сlever Market маркетплейсінің басты парақшаларында отандық өнімге баннер шығарылды, алдымен қазақстандық өнімді іздеу нәтижелерін шығаруда басымдық берілді. Қытайдың Alibaba және JD.com ірі маркетплейстерінде ұлттық павильондар ашылды. Бүгінгі таңда Alibaba-да 7500 тауар, JD.com-да тауарлардың отыз түрі ұсынылған, осы платформаға 1,5 млн-нан астам қазақстандық қызығушылық танытып отыр.

Қазақстанда екі ірі ресейлік маркетплейстер – Озон және Вайлдберриз жұмыс істейді. 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша Oзoн алаңында тіркелген қазақстандық сатушылардың саны – 45400, Вайлдберриз алаңында – 55704. Oзон маркетплейсі екі фулфилмент-сұрыптау орталығын іске қосты, барлық қалаларда 1189 тапсырысты жеткізу пункті ашылды.

Вайлдберриз маркетплейсі жалпы ауданы 29600 шаршы метрді құрайтын алты логистикалық орталық және 621 тапсырысты жеткізу пункті ашылды, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында екі фулфилмент орталығын салуы жоспарлануда. Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларының профильді министрліктерімен меморандумға қол қойылды.

«Өткен жылдың қыркүйек айында Алматыда алты елден 300-ден астам қатысушының атсалысуымен Бірінші Орталық Азия электрондық коммерция форумы өтті. Былтыр Орталық Азия елдерінің бірыңғай платформасы Central Asia Gateway іске қосылды. Ол Абу-Даби қаласында өткен Дүниежүзілік инвестициялық форум аясында «Үздік сауда ақпараттық порталы» номинациясы бойынша Digital Government Awards жеңімпазы атанды», — деді Арман Шаққалиев.

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлардың электронды саудасын жүзеге асыратын, жеке тұлғалардың электронды түрде қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік компаниялар үшін Google салығы (импорт салығы) деп аталатын салық енгізілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша алпыс шетелдік компания тіркелген, олардың төлеген салық сомасы 34,8 млрд теңгені құрады (2022 ж. – 16,4 млрд.тг, 2023ж. – 18,4 млрд.тг).

Электрондық сауданы дамыту шарттарының бірі – қоймалық және логистикалық инфрақұрылымның болуы.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2024 жылдың соңына дейін трансшекаралық электронды сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрылымын құру мәселесін пысықтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ақтөбе және Ақтау қалаларында фулфилмент орталықтары мен бонд қоймалары желісін дамыту жалғастырылатын болады. Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін ірі шетелдік маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік тауарларды қазақстандық сатып алушыларға жеткізу уақытын алпыстан жеті күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлерге маркетплейстерде қалай тіркелуді, тауарды қалай сатуды және логистиканы құруды үйретеді. Егер экспорттық әлеует болса, онда мұнда контрпартнер іздеуден бастап сақтандыру және қаржылық шараларды қоса алғанда, көлік шығындарын өтеуге дейінгі Қазтрейд және ҚазақЭкспорт құралдары қосылады.

«Халықаралық ұйымдар шеңберінде жұмыс жалғасатын болады. Электрондық сату арқылы басқа елдермен тауар айналымын жыл сайын $100 млн-нан аса ұлғайтуды көздеп отырмыз. “Nomads of Central Asia” брендісінің қол-өнер сияқты тауарларын бірлесіп іске асыру үшін Орталық Азиямен бірге ірі әлемдік маркетплейстерде Орталық Азия павильонының ашылуы пысықталатын болады. Министрлік пен бизнес арасында сындарлы диалог құру үшін Атамекен ұлттық палатасында тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы іске қосылды», — деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, бұл электрондық сауданы дамытуға қолайлы жағдайлар жасау жөнінде жедел, ең бастысы тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Жалпы, жоғарыда аталған бастамалар электрондық сауданы дамытуға өз үлесін қосады және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады.

Жаңалықтармен бөлісу