Ел рәміздері ұлықталды

Ел рәміздері ұлықталды

«Тәуелсіздік аллеясында» 4 маусым – ҚР Рәміздері күніне арналған ту көтеру патриоттық акциясы айшығын тапты.

Мемлекеттік туды көтеру рәсімі биылғы бокстан және дзюдодан Қазақстан Республикасының қола жүлдегерлері, Қостанай облыстық құрама командасының мүшелері Рақымжан Юнус пен Жансая Кабимуллинаға берілді.

Салтанатты ту көтеру рәсімінен кейін еліміздің Әнұраны ойнатылып, акцияға қатысқан студент-жастар қолдарын кеуделеріне қойып, шырқау көкке көтерілген көк туға қарап бой түзеді.

«Көк тудың желбірегені» атты іс-шараға жиналған жастарды қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов пен «ТМД-ың үздік студенті», қала жастарының көшбасшысы Алтынай Сейдеғалиева құттықттады.  Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов өзінің мерекелік құттықтау сөзінде: «Елдің елдігін, мемлекеттігін айқындайтын басты құндылықтар ол – елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің ең киелі де қасиетті құндылықтары. Елтаңбамыз, Тумыз, Әнұранмыз қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін бойына сіңіріп, кеудемізді ұлы сезімге толтырады. Рәміздер – Қазақстанның жаңа тарихының айшықты беттері», – деп атап өтті.

Рәміздер күнінің құрметіне өнерлі өрендер патриоттық әндер шырқап, жастар қолдарына ұстаған жалаушаларымен белсенді қолдау көрсетті.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу