ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына арқалықтықтар да лайықты үлес қосуда.
Сайлау учаскелерінде учаскелік комиссиялар таңғы сағат 6:00- ден бастап өз жұмысына кірісті. Сайлау учаскелері материалдық-техникалық құралдармен толық қамтылып, дауыс беруге қажетті барлық мүмкіндіктер жасалған.
Жалпы, қала бойынша 23 925 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінде (28 учаскеде) алғаш келген, бірінші дауыс берген сайлауышлар мен мерейтой иелеріне естелік сыйлықтар тапсырылып, сондай-ақ шағын концерттер қойылып, фотоаймақтар ұйымдастырылды.
№106 сайлау учаскесі де үлкен дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Комиссия төрағасы комиссия құрамын, бақылаушылар және БАҚ өкілдерін таныстырып, сағат 7:00-де еліміздің Әнұраны шырқалды.
Серікбай Ешімғалиев,
№106 учаскедегі сайлау комиссиясының төрағасы:
– Жалпы,біздің учаскемізде 1992 сайлаушы тіркелген. Таңғы сағат 7:30-ға дейін жүзден аса сайлаушы келіп, дауыс беріп үлгірді. Дауыс беру қарқынды жүріп жатыр деп айтуға болады. Бақылаушылар қатарында: «Жастар рухы» ҚБ, «Дауыс» бақылаушылар қоғамынан, «Аманат», «Халық» партияларынан өкілдер бар.
Фазылхан Шүленов,
сайлаушы:
– Еліміздің болашағы үшін ерте келіп өз даусымды беріп жатырмын. Ел мүддесін ойлайтын іскер азаматтар іс басына келсін деймін. Жаңа Қазақстанда жаңарайық. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын.
Асхат Тұрсынбеков,
бақылаушы:
– Сайлауға «Аманат» партиясының атынан қатысып отырмын. Сайлау уақытымен басталып, дауыс беру өз кезегімен жүріп жатыр.
Хамит Досжанов,
сайлаушы:
– Бұл сайлау – еліміз үлкен үміт күтіп отырған сайлау. Әділдік сайлауы. Еліміз өркендеу кезеңіне қадам басып, Жаңа Қазақстанныңжаңашылбағдарламалары жүзеге асатын сайлау. Сондықтан, әрбір адам өзінің ұрпағы үшін, келешегі үшін дауыс беруі керек.
Қонысбай Менкин,
бақылаушы:
– «Халық» партиясының атынан келдім. Өз міндетімізді жауапкершілікпен атқарып, бәрін қадағалап отырмыз. Сайлвуқанағаттанарлық деңгейде жақсы өтіп жатыр.
Сандуғаш Кәкенова,
№103 учаскедегі сайлау комиссиясының төрағасы:
– Біздің №103 учаскеде 1957 сайлаушы есепте. Сайлаушыларымыз жақсы көңіл-күймен келіп, өз таңдауларын жасауда. Қарттарға, алғаш рет дауыс берушілерге сыйлығымызды бердік. Ел өміріндегі маңызды шараға сайлаушылар ынтымақты үлес қосуда. Қала тұрғындарымен бірге кезегін күтіп, қала әкімі Әмірхан Асанов та өз таңдауын жасады.
Сайлау күні сайлаушылар үшін тегін жолаушылар көліктері ұйымдастырылып, үйлерінде отырып, сайлауға қатысу үшін сайлау комиссиясына өтініш берген адамдарға дауыс беру жәшіктерін жеткізу шаралары барлық учаскелерде қарастырылған.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.