Экспедиция қорытындысы шықты: Қай мәдениет бұрын пайда болды?

Экспедиция қорытындысы шықты: Қай мәдениет бұрын пайда болды?

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті археологтарының былтырғы дала маусымының қорытындысы үш маусымға созылған Қамысты бекіністі қонысын зерттеу жұмыстары әлі де аяқсыз қалғанын байқатып отыр. Бұл туралы оқу орнының археологиялық зертханасының базасында өткен қоғамдық тыңдауда сөз болды.

“Петров мәдениетінің ізіне ұзақ түскендей болдық. Табылған шұңқырлардан жиі қолданыстағы пеш қазандықтарының конструкциясын байқауға болады. Жанында көне керамика заттарының қалуы тегін емес”, – дейді археологиялық зерттеулер жобасының жетекшісі Гүлсім Бейсенбаева.

Демек, бұл атрибуттар ол аумақтарда көне өндіріс орындарының болғанынан хабар береді. Кейінгі қазба жұмыстарының нәтижесінде зерттеушілер Петров пирамидасына тап болады. Алайда, оның қыр-сырын ашуға жаз маусымының аяқталып, жердің қата бастауы кедергі келтірген. Зерттеу тобы ол құпияның сырын келесі маусымда ашуды жоспарлап отыр.

“Шалғышы, Петров керамикаларының айырмашылығын зерделей келе, Шалғышы мәдениетінің бірінші пайда болғанын білдік. Бұл мәдениет осыдан екі ғасыр бұрын үстемдік құрған. Одан бұрын Андронов мәдениеті пайда болғаны бізге дейін анықталып қойды”, – деді жоба жетекшісі.

Жазғы экспедиция қорытындысының нәтижесінде былтыр екі жүз текше метр жерге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстарынан сегіз мыңнан астам зат белгілері табылды. Кейбіреулеріне алғашқы өңдеу де жүргізілген. Табылған заттардың көбі керамикалық заттар мен жануарлардың сүйектерінен жасалған бұйымдар. Арасында қоладан құйылғандары да бар. Табылған құдықтардың жанында шағын пештер орналасқан. Жан-жағына кейінгі замандардағы тастардың орнына керамика қолданылғанын көруге болады.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу