Дүр ағам

Дүр ағам

Мұхарбек Жәкейұлы Торғай облысы Жангелдин ауданы Көкалат ауылында 1974 жылы 2 қазанда дүниеге келген. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметінде аға офицер, бөлім бастығы, басқарма бастығы болып қызмет істеді. Әскери зейнеткер. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. Республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрады.

 Отаралы Әбдіғалиұлына

Көкалатта, біздің атамекенде,

Шежірең де шертілмейді бекерге.

Ескі әңгіме айтып еді бір ағам,

Ана бір жыл Алматыға кетерде.

Көктем етер көңіліңді күз көшкен,

Сыйластықтың не сыры бар Сіз дескен?!

Шырғалаңда шын тілеулес сол ағам,

Шығармаған шығар, сірә, бізді естен?!

Тіршілікте тірі жанға тәтті арман,

Бағаланса баянды ғой бақ қонған.

Қыран қанат қаққан шақта қияда,

Күннің көзін жаба ала ма көп қарғаң?

Бекзаттық па?

Бөлек, сірә, болмысы,

Дүр-дидарын кеп тұра ма көргісі.

Күннің өзі кететұғын ашылып,

Бұлтты күні үйден шықса сол кісі.

– Көсегесін көгертердей көп елдің,

Бұлдамай айт! Бұл кім өзі? – деген кім?..

– Думан жері – «Көкалаты» Шәкірдің,

Туған жері – «Қара суы Көбеннің».

Дүрмегімен даңғазаның дөң айбат,

Дүмбілезге қонғанымен оңай бақ.

Адам құсап күй талғайды ол-дағы,

Ағам құсап келмегесін дәм айдап.

Қолымызда болған соң өз бұйдамыз,

Тым сараңдау емеспіз ғой сыйға біз.

Елге елеулі еңбек етті сол кісі,

Жиырма көктем, жиырма жаз бен жиырма күз.

Ағамызға болды осы ауыл қайырлы,

Тамыры ма?

Тереңге ол да жайылды!

Ес тұтқаны – ел ағасы дейді жұрт,

(Көңілі кең Көкалат қой байырғы).

Қырдың қызыл түлкісіндей бұлаңдар,

Қоғамның да қабағынан сыр аңғар.

Адрестен қалатұғын адасып,

Кейде даңқтың дақпыртына күмән бар.

Қарапайымдылық дейтін бір ән бар,

Оның сырын сол кісіден сұраңдар…

Қыз алысып, қыз берісіп бұл күнде,

Осы ауылдың жартысымен құдандал.

Өмір салты.

Өзі – өнеге, досы – үлгі,

Азаматтың абыройын асырды.

Құрметің де, қошемет те амалсыз,

Дүр ағамның дәргейіне бас ұрды.

Көкалатта, біздің атамекенде,

Шежірең де шертілмейді бекерге.

Ескі әңгіме естіп едім,

жазарға

Қызыл тілдің құдіреті жетер ме?!

– Елу жылда демейді ме ел жаңа.

– Құлағың сал, – деп бастады. – Кел, бала.

Сонау соғыс жылдарында әкеме,

Мекен болған мынау маңғаз кең дала.

Сәйкестік пе, әлде бұл бір заңдылық,

Әбдіғали кеткен ізін қалдырып

осы ауылға әкім болдым жиырма жыл,

Құдай шебер қоятұғын таң қылып!..

Жеңісті күн жеткізген бе тосқанға,

Күн-түн демей майдан, тыл да басты алға.

Жесір әйел, жетім бала, шал-шауқан,

Колхоз ғой сол, әкем сонда басқарма.

Естияр ұл, еңкейген қарт елдегі,

Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді.

Тылдағы еңбек майдан үшін деп бәрі,

Терлесе де Жеңіс үшін терледі.

Шөлдесе де Жеңіс үшін шөлдеді.

Күндер жылжып, ай ауысып, жыл өтті,

Өткен төрт жыл өзекті өртеп жүдетті.

Осы көктем әкеледі-ау бір хабар,

Қарттар отыр қабыл ет деп тілекті.

Осы көктем көңілдерге гүл екті,

Жер Ана да қуаныштан дір етті.

(Мен де айта алмай отырмын ғой сол сөзді,

Шаттық кернеп әбден шерлі жүректі).

Жеңіс деген бір ауыз сөз жер-көкті,

Құдіретті қуатымен тербетті.

Жетім бала қуаныштан шаттанып,

Жесір ана көздің жасын көлдетті.

Ұмыт болып кешкен кеше мол қайғың,

Бір ауыз сөз Жеңіс деген болды айбын.

Бәйге деген хабар жетті бір күні,

Көлемінде өзіміздің Торғайдың.

***

Ертегі һәм аңыз емес елдегі,

Әкеміздің ат болыпты ермегі.

«Алақұс» деп әлпештеген ардағын,

Пырағындай көрген дейді жердегі.

«Жазық маңдай, үңгір қабақ сүйрігім,

Шашасына шаң жұқпаған жүйрігім.

Салқы кеуде, қамыс құлақ, қаз мойын», –

деп сүйіпті жібекті қыл құйрығын.

Нарқы бөлек бағаланбас алтынға,

Атың бар ма, аламаннан тартынба.

Бәйге десе бәс тігетін қазақ қой,

Тойтөбеде бәрі – жас та, қартың да.

Кірешілер кілең мықты ат мінген,

(Бүгінгінің асабасы, таптым мен).

Хабар беріп шабатұғын аттардан,

Шалқаяды қонған жандай бақ бірден.

Дүрс-дүрс соққан жүректердің атқылап,

Құлағыма келеді үні нақтырақ.

Алаңдай ма, аламанға жауапты,

Ат айдаушы әрі-бері шапқылап…

«Кербесті» ме, «Жезкиік» пе, «Күрең» бе?

«Орқаш»қайда?

Бәйге аттарын түгенде.

Алақұйын «Алақұстан» айналдық,

Бұдан асқан жүйрік бар ма бұл елде?!»

Деп шуылдап, бірін-бірі мақтан қып.

Ат біткенге пай-пайласып жатқан жұрт.

Сыншы қарттар сырттан назар салады,

Сұмырайдың сұқ көзінен сақтан қып.

Алыс-жақын ағайын ба ағылған,

Қауқылдасып көріседі сағынған.

Жүйріктер тұр жер қайысқан қолдай боп,

Санамаққа оқталған жан жаңылған.

Тойтөбені дүбірлеткен қасқа жұрт,

Қол сындырып, кетпесін тек бас жарып.

Біз оларды отырғанда сөз қылып,

Кетті, әнеки, ат жарыс та басталып.

Аралбайдан, Жаркөл, Саға, Тосыннан,

Айырқұмнан жүйріктер бар қосылған.

Жалт-жұлт етіп қылаңы мен бараны,

Жай отындай көкжиекте жосылған.

Жазық дала, обалы сай, көк тоғай,

Құйғытады қалың тұлпар тоқтамай.

Сәйгүліктің сән құраған тізбегін,

Батыраштың балтасынан сақтағай!

Қиқулайды, қоздыра ма аруағын?

Шаң көрінді. Аңғардың ба, алда кім?

Шегін тартып шуылдақ жұрт қалды үнсіз,

Айту қиын ат қосқанның арманын.

Отырғандай оңашада қыз күтіп,

Селт еткізіп кетпеді ме сізді түк?

Аламанда алғашқы боп мәреден

Алақұс қой өте шыққан ызғытып.

Атың келсе жүйріктердің боп алды,

Алған жүлде – шабандозға жоралғы.

Аузын ашып, жұрт аңқиып тұрғанда

«Бәйгекүрең» екінші боп оралды.

Адал бәйге, дауласа алмас енді ешкім,

Қылдай болсын қиянатқа көнбеспін.

Қатар келді деп жатыр ғой мына жұрт,

Желден жүйрік «Жезкиік» пен «Кербестің».

Талап таудай, бақ та керек бармақтай,

Бап пен бақты байқап көрші салмақтай.

Сәйгүліктің бәрі де адал бәйгеде,

Отанына адал болған солдаттай.

Бәйге бітті, той тарқаған жоқ бірақ,

Балалар жүр сүйіншілеп, шапқылап.

Жастар жағы алтыбақан, аксүйек…

Ақсақалдар алқалы бір топ құрап.

Қуанышқа жоқ қой алып-қосарым,

Қайран ауыл, үзілмесін осы әнің!

Әбдіғали мана түсте шаттанып,

Алып ұрған қара қасқа қашарын.

О, бейбіт күн, теңестірген жоқ, барды…

Несін айтам, ақшам уақыт боп қалды.

Жеңіс тойын тойламаққа бар ауыл,

Басқарманың үйін, әне, бетке алды.

***

«Өзге ауылдың тумасы едім десем де,

Бауыр басып кеттім жайсаң осы елге

Енді елу жыл…» деп күрсінген дейді жұрт,

Әбдіғали Көкалаттан көшерде.

Берекетін тапқан жан ғой бейнеттен,

Әкем мені еңбек ет деп үйреткен.

Топырағын басқан күні-ақ осы елдің,

Ерке желі өзімсініп сүйді еппен.

Қастер тұтар қасиетті парызды,

Бір құдірет тәрбиеде бар ізгі.

Шалыс бассам шал да кейде желкемнен,

Қабақ шытып қарап тұрар тәрізді.

Аз ғана ауыл ағайын көп, дос керім,

Бауыр басып қалдым мен де көшпедім.

Сүйсінгенін іште қалай сақтасын,

«Айналайын, азаматым!» десті елім.

Бір адамның бізге де сын көшкені,

Бір үй кетсе – бір ошақтың өшкені.

Көзің қалай қимақ осы ауылды,

Сұлу берген орамалдай кестелі?!

«Ауыл түбі – бірлік» деуі тегін бе,

Қақымыз жоқ бір адамға кемуге.

Елу жылда еске алар деп ұрпағым,

«Енді елу жыл…» дегім келмейді менің де!

Жаңалықтармен бөлісу