Жол қозғалысы жас инспекторларының Ғазиз Байтасов атындағы Республикалық және мемлекетаралық ХХІ слёті өз мәресіне жетті. Қостанай облысында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға еліміздің 20 өңірінен және Ресей федерациясы мен Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінен бас-аяғы 240 қатысушы келген еді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып сәттілік тілеген болатын. Он күнге жалғасқан слет барысында жас инспекторлармен бірге жетекшілер мен полиция өкілдері де түрлі алаңдарда бақ сынап, арнайы тренигтер ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
«Бұл – оқытуға бағытталған іс-шара. Себебі балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу жұмыстарына жауапты, қызметтік міндеттеріне профилактика бағыты бекітілген қызметкерлер жыл бойы балалармен жұмыс істейді. Олар мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде түрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал бұл слетте жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарады», – деді ол.
Үш тренинг қарастырылған. Байқаудан бөлек, полиция қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу, яғни ішкі істер органдарының БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылы бойынша оқудан өтті.

«Балаларға арналған автокөлік қалашығы ұйымдастырылды. Онда жас инспекторлар – ұлдар мен қыздар велосипедпен жүріп, шынайы жол қозғалысына барынша жақындатылған түрлі тапсырмаларды орындады. Олар арнайы кедергілерден өтіп, бақылау бекеттерін тапты. Бақылау бекетіне жету үшін белгіленген аумақта жол қозғалысы ережелерін бұзбай жүруі тиіс тұғын. Сонымен қатар велосипедті мәнерлеп жүргізу бойынша да жарысты. Онда балалар түрлі кедергілерден өтті. Жалпы, осындай шамамен 15 түрлі кедергі қарастырылды. Бұдан бөлек, балалар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жарысты. Жол қозғалысы ережелерін қаншалықты білетіндерін тексеру үшін арнайы емтихан тапсырды. Сондай-ақ реттеуші бойынша байқау өткізілді. Бұл кезеңде бүкіл команда қатысты. Бір бала реттеуші рөлін атқарса, команда мүшелері түрлі рөлдерге бөлінді. Бірі жеңіл автокөлік жүргізушісі, бірі автобус жүргізушісі, енді бірі жаяу жүргінші болды. Осылайша олар жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысы жолда қалай дұрыс қозғалуы керектігін, жол ережесін бұзбай әрекет етуді көрсетті», – дейді Ақтоты Боранова.
Слеттің жабылу салтанатына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, қатысушылардың бір парасын марапаттады.

«Бұл слет – қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын көрсетті. Сіздер жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын біліп қана қоймай, өздеріңіздің үлгілі әрекеттеріңіздің арқасында жасөспірімдер арасында өнеге көрсетіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етесіздер. Слет идеяларының «Заң мен тәртіп» қағидатымен үндесуі ерекше маңызды. Ережелерді сақтау, өзгелерді құрметтеу, өз әрекеттеріне жауап беру – бұл заңның талабы ғана емес, сондай-ақ қауіпсіз және әділ қоғам құрудың негізгі іргетасы. Аталған слет жарыс қана емес, сондай-ақ достықтың, қарым-қатынас пен өзара құрметтің аясында болды. Бірнеше кезеңнен тұратын конкурс білімпаздар мен білгіштер үшін нағыз сынақ болды. Слетке қатысушылар өздерінің табандылығын, шеберлігін және командалық рухын таныта білді», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев еліміздің әр өңірінен және өзге мемлекеттерден келген жас қатысушыларды біріктірген осындай ауқымды іс-шараны қабылдау облыс үшін зор үлкен мәртебе екенін жеткізді.

«Осы күндер аралығында сіздер тек жарыстарға қатысып, білімдеріңізді көрсетіп қана қойған жоқсыздар. Командада жұмыс істеуді, бір-біріңізге қолдау көрсетуді үйрендіңіздер, жаңа достар тауып, өзара тәжірибе алмастыңыздар. Менің ойымша, жас инспекторлар қозғалысының басты құндылығы да осында. Жол қозғалысының жас инспекторы – тек байқаулар мен жарыстарға қатысушы ғана емес. Ол өз үлгісімен қатарластарына жол қозғалысы ережелерін сақтаудың, жолда мұқият әрі жауапты болудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін азамат. Осы жерде алған білімдеріңіз күнделікті өмірде өз пайдасын тигізсін. Жол қозғалысы ережелері туралы достарыңызға, жақындарыңызға айтып жүріңіздер. Қатарластарыңызға әрдайым үлгі болыңыздар. Командалардың педагогтері мен жетекшілеріне ерекше алғысымды білдіремін. Жас инспекторларымыздың әрбір жетістігінің артында сіздердің ерен еңбектеріңіз, сабырларыңыз және шәкірттеріңізге деген сенімдеріңіз тұр», – деді ол.
Ұзын-саны 240 қатысушы он күн бойына тер төгіп, еңбектеніп білімі мен тәжірибесін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынға Батыс Қазақстан облысының қатысушылары лайық деп таңылды. Екінші орын Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды.
Ал жүлделі бірінші орынды Алматы қаласының командасы жеңіп алды.

«Алматы қаласындағы №112 мектептің 6 «Б» сыныбында оқимын. Жас инспекторлар слетінде бірінші орын алғанымызға өте қуаныштымын. Бұл жеңіс біз үшін үлкен қуаныш әрі ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар жарысқа қатысқан барлық балаларды құрметтеймін. Барлығына алғысымды білдіремін. Бұл байқау барысында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың қаншалықты маңызды екенін үйрендім. Жолда әрдайым дұрыс жүру, өзгелерге жол беру және белгіленген ережелерді бұзбау қажет екенін түсіндім. Ең бастысы – жолда өзіңнің ғана емес, айналаңдағы адамдардың да қауіпсіздігін ойлау керек. Маған Қостанай қаласы өте қатты ұнады. Әсіресе біздің лагерьдегі балалардың бәрі өте ұйымшыл әрі достық қарым-қатынаста болды. Осы жерде көптеген жаңа достар таптым. Жарысқа қатысқан балаларды қарсылас деп емес, досым деп қабылдаймын. Себебі осы слет бізді бір-бірімізбен жақындастырып, ортақ мақсатқа біріктірді. Қостанайда өткізген күндерім мен үшін ұмытылмас әсер қалдырды», – дейді Алматы қаласынан келген қатысушы, жол қозғалысының жас инспекторы Ибрагим Жәлелов.
Барлық қатысушылар құр алақан қайтқан жоқ. Алғыс хаттар мен түрлі сый-сияпатқа ие болды. Енді келесі жылғы дәстүрлі слет жеңімпаздардың жерінде, Алматы қаласында өтпек.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
