Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық домбыра күні аясында “Домбыра Party” додасын ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шара “Достық үйі” алаңында өткізілді. Жарысқа 12 мен 17 жас аралығындағы 21 домбырашы қатысты.
Олар жеребе тарту арқылы сайысқа түсіп, олимпиадалық жүйе бойынша бағаланды.
Әр жұптан жеңімпаз деп танылғандары келесі айналымға өтіп, жеңілгендері ұйымдастырушылардың арнайы дайындаған сый-сияпатын иеленді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша 3- орын Темірлан Қойшан мен Мариям Мұхамбетке берілді. 2-орынды көрермен көзайымына айналған Жанали Қабжалел иеленсе, 1- орынды Дархан Қанапин қанжығасына байлады. Жарыс жеңімпазына домбыра тарту етілді.
Дарханның домбыра ойнаудағы шеберлігіне қазылар алқасы ерекше сүйсінді. Ақтық сындағы тартыста оның шеберлігі анық байқалып, жеңімпаз атануына жол ашып берді.
Айтуынша Дархан 4 жасынан бері домбырада ойнап келеді. Өзі муызкалық мектептің шәкірті. Жасы биыл ғана он үшке толған өнерпаздың алар асуы әлі алда.
“Бұл жарыста өзіме деген сенімділігім қуат берді. Әр айналымда қарсыластарымнан бір басы жоғары болғанымды біліп отырдым. Сонда да жарыс соңына дейін таласқа түсіп өнерімді дәлелдеп шықтым. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Ұлттық мұрамызды ұлықтайтын байқаулар көбейе берсін” – дейді сайыс жеңімпазы.
Айта кетейік Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы осы дода да 2-шілдеге дейін өткізілген “Қасиетті домбыра” атты онлайн байқауының жеіңімпазын жариялады. Оған облыстың аудандары мен қалаларынан 27 домбырашы қатысқан. Қатысушылардың басым көпшілігі Қостанай, Рудный қалалары мен Жітіқара, Жанкелдин, Сарыкөл, Наурызым аудандарынан.
Ернұр Әуезхан
Суреттерді түсірген автор