Торғай өңірінің жас футболшылары шетелде доп тепті

Торғай өңірінің жас футболшылары шетелде доп тепті

Арқалық қаласы мен Аманкелді ауданынан екі бала Қазақстанның жас футболшылары сапында Португалия елінде, әлемнің футбол жұлдызы Криштиану Роналду тәлім алған футбол академиясына барып, өнер көрсетіп қайтты.

Арқалық қаласына қарасты Аңғар ауылының тұрғыны Ислам Түбекбай мен Аманкелді ауданының Қарасу ауылынан Мадияр Жапбасов 2012 жылы туған 60 бала арасындағы іріктеу нәтижесінде батыс еуропаға баруға мүмкіндік алды. Ол жақта Қазақстаннан барған «Арландар» командасы әлемнің үздік деген 24 командасы арасында өткен халықаралық турнирде 7 – ші орын иеленді.

Жас футболшылардың шетелге шығуына жерлесіміз, белгілі меценат Сапар Ысқақұлы демеушілік жасады. Бұл жоба аясында Торғай өңірінен спортшылар алғашқы рет сырт елге шығып отыр.

Жаттықтырушы Құттыбек Оспанов әкесі Исламды футболға 7 жасында әкелгенін айтады. Ол баланың ерекше қабілетін байқап, өзінен екі жас үлкен балалармен бірге топқа қабылдаған. Болашағынан мол үміт күттіретін жастар ауылының қашықтығына қарамастан дайындыққа үзбей қатысады.

 

М.Бекетұлы 

                       Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу