Діни рәсімдердегі рәсуашылдыққа қарсы шешім қабылданды

Діни рәсімдердегі рәсуашылдыққа қарсы шешім қабылданды

Қостанай облыстық «Аймағамбетқажы Спанұлы» мешітінде «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын алу» атты конференция өтті. ҚМДБ-ның Қостанай облысы өкілдігі ұйымдастырған келелі жиынға ҚМДБ төрағасының орынбасары, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зиялы қауым өкілдері, қала және аудан имамдары мен ақсақалдары қатысты.

Конференция аясында діни рәсімдерді, атап айтқанда жерлеу, жаназа, марқұмның қайтқан күнгі қонақ асын, қырық күндік, жылдық асын беру кезіндегі ысырапшылдық мәселесі қозғалды.Кейінгі уақытта қоғамда жерлеу рәсімдерін өткізу кезінде қайғылы отбасы көп шығынға ұшырайтыны жиі айтылып жүр. Әсіресе, ас беруге жұмсалатын шығын шаш-етектен. Айталық, жерлеуден бір күн бұрын қонағасы берудің өзі артық рәсуа екені сөз етіліп келеді. Дәстүрімізде алыстан келген етжақын ағайынға қонағасы беру салты бар. Бірақ қазір бұл дәстүр осы қалпынан шығып, 200-300 адамға дастарқан жаю әдеті дендеп барады. Бір сөзбен айтқанда, кісі қайтқан үй екі мәрте шығындалып ас беруге мәжбүр. Бұл дәстүрге де, ислам қағидаларына да қайшы. Себебі қайтқан кісінің жамбасы жерге тимей, құран бағышталмайды.Жерлеу рәсімін өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, ұлттық дәстүр мен ислам қағидаларын сақтауға қатысты осы және өзге де мәселелер конференция алаңында талқыға салынды.

«Ас адамның арқауы» дейді қазақ. Бірақ той-жиында ысырапқа жол бермеу керек. Әсіресе, қайғылы үйде үш күнге дейін ас тартылмағаны жөн. Бұл мерзімде ағайын-туыстары сол шаңыраққа көмектесуі керек. Жан-жақтан келген ілік-жақындары кішігірім аяда, үй ішінде қонағасы берсе құба-құп. Ал қалған жерде бүкіл халықты жинап, көл-көсір дастархан жаю дәстүрге де, шариғатқа да келмейді. Жаназаның өзінің төрт парызы бар: жуындыру, кебінге орау, жаназаға қатысу, жерлеу. Пайғамбарымыз жаназаға қатысқандарға Ухуд тауындай, жерлесе одан екі есе сауап берілетінін айтқан. Әрине, ас беру де сауапты іс. Бірақ оны шектен шығарып жібермеу, той дастарханымен шатастырмау керек. Бұл мәселе қазір Қостанайда ғана емес, жер-жерде көтеріліп жатыр. Елдің, жердің иесі ретінде өзіміздегі басқа ұлт пен ұлыстарға өнеге болуымыз қажет», – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Шоқанов.

Жиынға арқау болған тақырыптардың бәрі өзекті. Дін қызметкерлері пәтуалы пікірлерінде ҚМДБ жанынан басылып шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын басшылыққа алды. Басқа да қоғам белсенділері, ел ақсақалдары келелі ой, кесімді көзқарас, ұтқыр ұсыныстарын ортаға салды. «Қарның ашса, қайғылы үйге шап» деген сықақты астары бар сөздің шындыққа айналып кеткенін батырып айтты сөз алғандар. Қайғы жамылған үйге салмақ түсірмеу үшін шығындалып шілдехана өткізу әдетіне тыйым салынуы керегі төтесінен қойылды. Қырық күндік, жылдық астың да дастархан мәзірі мейлінше қысқартылуын, көңіл айтып, лебіз білдірушілер санының барынша шектелуін көпшілік бірауыздан қуаттай сөйледі. Марқұмның басын қарайтып, бейітін көтеруде де бірізділік керек екені жеріне жеткізіліп айтылды.

Жиын соңында Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уәлиев қорытынды сөз сөйлеп, қабылданып отырған шешімді жария етті. Қабылданған шешім мынадай:

  1. Қостанай облысы көлемінде қонақ асын беруді тоқтату (жаназадан бір күн бұрын берілетін ас);
  2. Бекітілген ас мәзірін бірізділікке салу (бауырсақ немесе нан, қант, кәмпит-печенье, су (газды, газсыз), шай, ыстық тамақ (ет немесе күріштен ас);
  3. Діни рәсімдердегі ас-жиындарда сөз сөйлеуді үш адаммен шектеу;

4.ҚМДБ-ның «Қамқор – шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру (қайтыс болған кісінің құлпытасына фото-сурет салуға, Құран аятын, өлең шумақтарын жазуға тыйым салынсын);

  1. Марқұмға арналған жылдық астарда көрсетілетін бейнероликтердің мазмұнына назар аудару (қойылатын әуенге (музыка) мұқият болу, алкогольді ішімдігі бар, әуреті ашық киіммен түскен бейне және фотокөріністердің болмауын қадағалау).

Осы шешімге ҚМДБ төрағасының орынбасары Сансызбай Шоқанов, Қостанай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, ҚМДБ Қостанай облысындағы бас имамы Бектұрсын Уәлиев қол қойды. Бұл маңызды пәтуа өңірдегі барлық аудан-қала, ауыл-аймаққа таратылып, оның орындалуы бақылауда ұсталмақ.Толық мақаланы газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу