“Қостанай таңы” газеті ұйымдастырған “Дін және қоғам” байқауының жеңімпаздары марапатталды

“Қостанай таңы” газеті ұйымдастырған “Дін және қоғам” байқауының жеңімпаздары марапатталды

БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында облыстық «Қостанай таңы» газеті жариялаған «Дін және қоғам» облыстық байқауының қорытындысы жарияланды. Жүлдегерлер қарт басылымның 102 жылдығы қарсаңында лайықты жүлделерін иеленді.

Өңірдің қазақтілді журналистері арасындағы байқауға айналасы бір айдың ішінде 15 шақты тілші қатысқан-ды. Араларында тіс қаққан кәнігі журналистер де, тілшілік қызметке енді ғана араласып жүрген жастар да бар. Олардың ішінен үздігін, жүлдегер материалдардың иесін анықтау үшін арнаулы комиссия жұмыс істеді. Биылғы байқаудың демеушілері тағайындаған жүлде қоры да қомақты болғанын айта кетуіміз керек. “Қостанай таңы” облыстық газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы руханият жанашырларына, басылым бастамасына қолдау көрсеткен демеушілерге және қатысушыларға алғыс білдірді.

“Байқау былтыр газет қызметкерлері арасында ғана өтсе, биыл демеушілердің ұсынысымен ауқымы кеңейіп, облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Журналистерді қолдауға арналған додаға «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы қолдау білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысы өкілдігі, әсіресе, ауқымды қаржы бөлген Бақытбек қажы Нұрғабылұлына шексіз разымыз. Тағы бір айта кетеріміз, «Нұр-Қазақстан» компаниясы өткен жылы бас жүлдеге Умра қажылығына сертификат тарту еткен болатын. Биыл басты бәйгеге Түркияға жолдама ұсынылды”, – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

Аталмыш компания президенті – жерлесіміз, белгілі меценат Аманкелді Еренғайыпұлы Әбдіхалықов. Байқауға осы жылы қолдау білдірген облыстың бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы салтанатты рәсім барысында сөз алып, байқаудың мән-маңызына тоқталды. Ол ақжолтай жобаның ғұмырлы болуына тілектестік білдіріп, кейбір ұсыныстары мен сын-пікірлерін айта өтті. Қазылар мүшелері де сөз алып, комиссия жұмысына аз-кем тоқталып, байқау ұйымдастырушыларына ақжарма тілектерін жеткізді.

Сонымен, “Алау” телеарнасының тілшісі Дәулет Байғонысовқа 3-орын бұйырды. Ол байқауға «Беташар салтын дұрыс орындап жүрміз бе?» атты сюжетін ұсынған. Жүлдегерге 50 мың теңге тарту етілді.

Ал екінші орын иесі – «Қостанай таңы» газетінің аға тілшісі Әлібек Ыбырай. Байқауға ұсынған материалы – «Табиғат апаты ұлт таңдамайды» атты облыстық бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлымен жүргізген кең ауқымды сұхбаты. Жүлдегерге 100 мың теңге берілді.

Бейімбет Майлин ауданы «Әйет шамшырағы» газетінің бас редакторы Айбатыр Ахметбековтің де осы байқауда жұлдызы жарқырады. Ол жүлделі бірінші орынға ие болып отыр. Бірнеше аудандық газеттің бас редакторы болып қызмет еткен нағыз ұйымдастырушы осы байқауда өзінің жазу машығынан жаңылмағанын дәлелдей білді. Сарапшылар талғамынан шыққан материалы «Дін дәстүрі барға дариды» деп аталады.

Бас жүлдеге «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нұрқанат Құлабаев лайық деп танылды. Нұрқанат Жүнісұлы облыстық “Қостанай таңы” газетінде де еңбек еткен қаламы қарымды журналист. Ол «Селебеден себелеген сәуле» атты мақаласымен көп ішінен қара үзіп, жеңімпаз атанып отыр. Гран При иегерінің қанжығасына байланған жүлде – Түркияға жолдама!

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсіргендер – Бағдат АХМЕТБЕКОВ, Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу