Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық елді мекендерді дамыту, сондай-ақ өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.
Онда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бастамалар қамтылған.
Қостанай облысында ауылда 318 мыңнан астам адам тұрады екен. Аталмыш бағдарлама іске асырылған сәттен бастап қаржыландыру көлемі 6 есеге артқан. Егер 2019 жылы 2,2 млрд теңге бөлінсе, ал 2024 жылы халық саны 110 мыңнан астам адамнан тұратын 73 ауылда 78 жобаны іске асыру үшін 12,1 млрд теңге бөлінген.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілиясхан Әмірбеков тарқатып берді.
Бөлінген қаражаттың 42% немесе 5,2 млрд теңге 21 спорт, мәдениет және ТКШ нысандарын салуға және қайта жаңғыртуға бағытталған. Қазіргі уақытта 12 нысан пайдалануға берілді. Биыл қалған 8-і толық аяқталмақшы.
Мысалы, Әулиекөл ауданының Новонежин ауылындағы спорттық кешеннің құрылсы қазіргі кезде тек 85% орындалды. Құрылыс кешігуде. Жыл соңына дейін Ұлттық қордан бөлінген 65,5 млн теңге игерілмеді. Аманкелді ауылына қарасты Амантоғай ауылында жабық спорт залының құрылысы да уақытыл аяқталмады. Жұмыс өткен жылдың 22 шілдесінде басталса да тек жартысы ғана орындалған. Құрылыстың баяу жүргізілуі салдарынан ішкі әрлеу жұмыстары 2025 жылға қалып отыр. Республика бюджетінен игерілмеген қаражат көлемі 97,3 млн.
Жалпы құрылыс жұмыстары уақытында аяқталмаған бірнеше аудан бар. Айтап айтсақ, Ұзынкөл, Науырзым, Сарыкөл, Б.Майлин, Федоров және Қостанай аудандарында түрлі себептермен басталған іс аяқсыз қалды. Оның бәрі де биылғы жылға ысырылған.
«Былтыр жылдық жоспардың 94% игерілді. Республика бюджеті бойынша – 326,7 млн теңге, облыс бюджеті бойынша – 300,8 млн теңге қалып қойды. Бюджет қаражатын игеру деңгейінің төмендеуіне назар аударғым келеді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі жылға біраз жұмыстар қалып отыр. Аманкелді, Әулиекөл, Б.Майлин, Қостанай, Науырзым, Сарыкөл, Ұзынкөл және Федоров аудандарының әкімдеріне құрылыс жұмыстарының барысын жеке бақылауға алып, нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет екенін ескерткім келеді», – дейді басқарма басшысы.
Әлеуметтік салада да осындай олқылықтар бар. Жоспарланған 11 жобаның тек 9-ы ғана аяқталған. Қамысты, Федоров, Қостанай, Сарыкөл аудандарының 5 мектебі, Қарабалық, Меңдіқара аудандарының 3 ФАП-ы, сондай-ақ Жітіқара ауданының мәдениет үйі, Ашутас ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылға көшірілді.
2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында 70 жоба бойынша құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Ауылдық елді мекендердегі жолдарды орташа жөндеуге 4,1 млрд теңге қарастырылған. 38 ауылда ішкі көше жолдарын жөндеу бойынша 44 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, жалпы ұзындығы шамамен 76 шақырым.
«Аталмыш жобаның жүзеге асып келе жатқанына алты жылдың көлемі болды. Осы уақыт ішінде бағдарламаны қаржыландыру көлемі де шамамен 6 есеге өсті. Былтыр 12 млрд қаржы бөлініп, 73 ауыл қамтылған. Аудан әкімдері облыстық басқармалармен бірігіп, бастаған істің уақытылы аяқталуын қадағалауы қажет. Ал биыл ауылдарды дамытуға 63 млрд теңге бөлінді. Қаражат көлемі жыл бойына әлі де ұлғаяды», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев