Депутаттар Қарасу кентінің жолына бөлінетін қаржының көп екенін сынға алды

Депутаттар Қарасу кентінің жолына бөлінетін қаржының көп екенін сынға алды

Қарасу ауданының кент ішіндегі жолдарын орташа жөндеу мен материалдарының сапасына сараптама жүргізуге облыс қазынасынан 10,2 млн теңге көлемінде қаржы бөлінбек.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бұл шешімімен мәслихаттың бірқатар депутаты келіспей отыр.

«Бір ғана ауданның кент ішіндегі жолын тексеруге осынша қаржы жұмсалатын болып тұр ма? Ол көтерме жолдардың сапасы онысыз да сын көтермей отыр. Демек, босқа шығындалғаннан гөрі дәлме-дәл қандай шаралар атқарылмақ, соны неге анықтап алмаймыз» – деп депутат Аруна Жақсағұлова облыстық мәслихаттың онлайн сессиясына жиналғандардың күдігін күшейтті.

Депутат Александра Серғазинова сауал жолдаушының уәжін растады.

“Жылда жол жөндеуге облыс бюджетінен қаржы бөлінеді. Сөзіңіздің жаны бар, Қарасу селосы Киров көшесінің бойымен таяуда өттік. Орташа жөндеуден кейін аз уақыттың ішінде шұңқыр пайда болған. Осындай мысалға толы жағдай облыс орталығынан да кездеседі. 1 май көшесімен жүріп өтсеңіздер байқайсыздар”, – деді депутат.

Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Болат Сейдахметов салынған немесе қайта жөндеуден өткен жолды пайдалануға беру белгілі бір комиссияның шешімімен шығарылатынын, ол процесс ұзақ уақыт пен мөлшерлі қаржыны талап ететін түсіндіріп бақты.

“Қарасу селосынан өзге басқа өңірлерден ұсыныстар болмады ма, неге осыған толық талдау жүргізбейсіздер? Негізгі қаржы көздерін қоғамның әлеуметтік осал топтарына бағыттаған дұрыс. Келесі жиында облыстағы басқа да жол активтерінің сметалық құжатын әзірлеуді ұсынамыз”, – деді кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов.

Осы жиынның басында депутаттар Қостанай облысы әкімдігінің құрамында әкімнің орынбасары лауазымына Гүлбарам Мұсағазинаның кандидатурасын бекіткен еді. Гүлбарам Ғизатқызы осы жылдың 9 шілдесінен бастап Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Экономика, қаржы, Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, облыс халқының денсаулығын қорғау, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, сондай-ақ еңбек қатынастары саласындағы еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Бұдан соң облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ольга Попова өңірде қалыптасқан экономикамен байланысты алда әр салаға бөлінетін облыстық бюджетті нақтылап берді.

“Қаражат бірінші кезектегі шығыстарға бағытталатын болады. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына – 2,1 млрд теңге, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына – 919,5 млн теңге бөлінеді. Білім басқармасының тапсырысына орай 34 білім беру ұйымдарында үздіксіз жылыту маусымын ұйымдастыру барысында температуралық режимді сақтауды қамтамасыз ету үшін қазандық жабдықтарын сатып алуға 204,7 млн теңге бағытталады. Денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен жаңа резиденттерді оқытып, стипендия төлеуге 66,7 млн теңге аударылады”, – деді Ольга Попова.

Басқарма басшысының орынбасары айтып өткендей, осы бюджеттен “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында өңірде тындырымды істер қолға алынбақ. Атап айтқанда, Әулиекөл ауданы Әулиекөл селосына, Диев, Новоселов ауылдарына көгілдір отын тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жоба Қамысты, Федоров аудандарында да жүзеге аспақ. Қамысты, Қарабалық ауданының бір қатар елді мекендері ауыз су бағдарламасының шапағатына қол жеткізгелі тұр.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суретті ұсынған Қостанай облыстық мәслихаты 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу