Қостанай өңіріндегі сайлаушылардың аманатын арқалаған Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев жұмыс сапарымен Жанкелдин ауданының орталығындағы жаңадан салынып жатқан 16 пәтерлі үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жауапсыз мердігердің кесірінен мерзімі ұзартылған күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Мердігердің сөзіне сүйенсек, 25 қаңтар күні жұмыстарды толық тапсыратынын айтып сендірді. Жылу жүйесі тартылған. Есік терезелері орнатылған. Еденді заманауи сұйықтықпен қалыпқа келтіргенімен, біраз тыңғылықты жұмыстар легі үздік-создық кезек күтіп тұр. Сыртқы келбеті жартылай қапталған. Мәжіліс депутаты 340 млн қаржы бөлінген құрылыс жұмыстарының әлі күнге мардымсыздығына қынжылды. Бұл, әрине, қомақты қаржыға қызығып, ұтып алған мердігердің алдын-ала құрылыс жұмыстарын дұрыс жоспарламағандығы. Одан кейін өткен жылы ашылған «AiFharma»дәріханасы мен «Dream and Study»оқу орталығына ат басын бұрды.
Қазіргі уақытта аталған оқу орталығында 58 бала дәріс алып жатыр. Тәжірибелері мол білікті мамандар сабақ береді. Адила Асхатқызының алдағы жүйелі жоспарлары көңілге қонымды. Оны естіген халық қалаулысы дән ризашылығын білдірді. Ал, дәріхана иесі Аида Асхатқызыхалыққа қалтқысыз қызмет жасап келеді. Егер қаражат мәселесі шешіліп жатса, арнайы процедуралық бөлмесін ашатындығын айтты.
«Жалпы, ауданда тыңғылықты жұмыстар атқарылып жатыр екен. Әсіресе, жастарды қолдау әрі тұрақтандыру мақсатында, оларға қолдау көрсету керек. Жаңадан ашылған дәріхана мен оқу орталығы талапқа сай. Бастаған істеріңізге сәттілік тілеймін. Кәсіп ашуға талпынған жастардың бетін қақпау керек. Реті келсе, мемлекеттік бағдарламаға қатыстырып, қайтарымсыз несие алуына ықпал жасаған жөн. Жастар елдің болашағы. Көші-қон мәселесін тұрақтандыру үшін ең алдымен жастарға жағдай жасау керек», – деді мәжіліс депутаты.
Толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген «Балдырған» бөбекжай бақшасына барды.
Сапалы жасалған құрылыс жұмыстарына көңілі толды. Қандай да бір аудан орталығында нысандарға жөндеу жұмыстары жасалса, оның сапасына мән беру керектігін тілге тиек етті.
№27 Өрт сөндіру бөліміне барған мәжілісімен әбден тозығы жеткен техникаларды көрді. Икемі бар инженерлердің арқасында төрт дөңгелегі тең айналып тұрған өрт сөндіру техникаларын 30 – 35 жылдан бері пайдаланып келеді. Блок тастан тұрғызған іргетасы 1960 жылы қаланған ғимараттың қазіргі талапқа келмейтіндігі шындық. Осы орайда, халық қалаулысы бөлім басышысы Нұрсұлтан Мұқатовқа, қажетті деректерді жинақтап беруін тапсырды. Орайы келіп, шешімі табылса, Өрт сөндіру бөліміне жаңадан ғимарат салынады деген үміттеміз.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы