Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Денисов ауданына барған жұмыс сапары аясында Фрунзе ауылының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықта жатқан, Красноармейский ауылдық округіне қарайтын Фрунзе елді мекенінде 1341 адам тұрады. Кеңес дәуірі кезінен “мұрты бұзылмай” сақталып қалған, момақан тіршілігі бар аядай ғана ауыл.
Көшелері – жағалай асфальт, айнала – қыздың жиған жүгіндей жинақы, тазалыққа қатты мән берілетіні көрініп тұр. Көлденең жатқан бір бұтақ көзге шалынбайды…
Өңір басшысын “Фрунзенское” ЖШС атқарушы директоры Николай Шерер күтіп алды. Бұл ауылға келгендегі басты мақсат кәсіпкердің аудан әкімдігімен жасасқан меморандумы аясында атқарған жұмыстарына назар салу еді. Негізі, екі жақты келісілген қаржы мөлшері айтарлықтай қомақты – 98,4 млн теңге.
“Бұл сомаға аз жұмыс атқарылмады. Мысалы, елді мекенге жағалай қоршау орнату, аркаларды реставрациялау, жөндеу құны – 27,4 млн теңге. Көшеге жасанды жабыны бар жаттығу алаңын салуға 10 млн теңге жұмсалды. Тозығы жеткен үйлерді сүруге – 4 млн, ауылдың шыға беріс жолын жөндеуге 7 млн шығындалды. Жаңа тұрғын үйлер салуға 40 млн, ескі үйлерді қалпына келтіруге 10 млн теңге бағыттадық”, – дейді Н.Шерер.
Кәсіпкер облыс әкіміне жасалған жұмыстардың нәтижесін көру үшін орталық аумақты аралап шығуға ұсыныс жасады. Екі арада емен-жарқын әңгіме өрбіп, олар ауылдың басты көшелерімен жаяулай жүрді. Облыс әкіміне жаңа кейіптегі стадион, аспазхана, таяуырақта орналасқан мәдениет үйі және басқа да нысандар таныстырылды.
Жергілікті жезтаңдайлар ән-күйден шашу да әзірлеп қойған екен, бас мейманның алдында өнер көрсетіп, қошеметін иеленді… Бір ауылдың, бірнеше түтіннің тірегіне айналып, тіршілігін қамдап отырған кәсіпкердің жауапты ісіне өңір басшысы разылығын білдіріп, оң бағасын беріп кетті.
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев