13.08.2025
Денисов ауданында ауыл әкімдері сайланды Суреттерді жолдаған Денисов аудандық аумақтық сайлау комиссиясы

Денисов ауданында ауыл әкімдері сайланды

Ел Президенті осыдан бес жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтерген еді. Бұл үрдіске әр өңір біртіндеп, жоспарлы түрде көше бастады. Қостанай облысы да жаңашылдықтан қалыс қалмай, жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлауға көшті.

Ауыл әкімдерінің сайлауы жуырда Денисов ауданында өтті. Дәлірек айтқанда, Аршалы, Красноармейск ауылдық округтерінде. Аршалы сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 634 азамат енгізілген. Соның 438-і дауыс беріп, конституциялық құқығын зор жауапкершілікпен атқарды. Ал Красноармейск ауылдық округінде 1018 сайлаушы бар.

Соның 855-і жуырда өткен әкім сайлауына қатысты. Аталған екі ауылдағы әкімдер сайлауы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылды. Науқан кезінде ешқандай бұзушылық байқалған жоқ. Жергілікті тұрғындардың саяси белсенділігі де жылма жыл артуда.

– Біздің ауданда ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы алғаш рет 2021 жылдың 25 шілдесінде басталды. Аршалы және Красноармейск округтерінде тікелей сайлау биыл екінші рет өтіп отыр. Халықтың белсенділігі жақсы, – деді Денисов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ирина Важничая.

Денисов ауданына қарасты Красноармейск ауылдық округінде ұйымдастырылған тікелей әкім сайлауында жергілікті тұрғындар белсенділік танытқаны рас. Таң атысымен сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй сезілді.

Ұйымдастырушылар музыка қосып, сайлаушыларды ыстық ықыласпен қарсы алып жатты. Саяси науқан демалыс күнге дөп түскенімен ауыл азаматтары ерте тұрып, өз таңдауын жасауға асықты.

– Менің анам – тыл еңбеккері. Жасы ұлғайса да қоғамдық маңызы бар істерге үн қатып, үлес қосқанды құп көреді. Сондықтан анамды алып дауыс беруге бардым. Мен 35 жылдан бері сайлауға тұрақты барып, дауыс беріп жүрмін. Туған жеріміздің  болашағына бәріміз жауаптымыз. Сайлауда әр адамның дауысы маңызды. Біздің таңдауымызға сай болашағымыз қалыптасады. Ауылда өткен саяси науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз өте дұрыс шешім қабылдадық. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау арқылы тағайындау – әділетті бастама. Мемлекет әр адамға таңдау еркіндігін беріп отыр. Мұндай маңызды қазам азаматтарға зор сенім артып, жауапкершілік жүктейді, – деді Фрунзе ауылының тұрғыны Гүлнар Қадырбаева.

Сайлау азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейды. Сайлау – халықтың үмітін үрлеп, сенімін оятатын науқан. Дауыс беру әр адамның конституиялық құқығы. Болашаққа бейжай қарамайтын кез-келген адам саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасайды. Бұл енді демократиялық қоғамның ашық көрінісі.

Қазақстан халқының 40 %-тен астамы ауылда тұрады дейді статистика.  Осы аталған азаматтардың мүддесі үшін ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы енгізілді.

Тікелей сайлау тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашты.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретте: Аршалы, Красноармейск ауылдары әкімдерінің сайлауы

Денисов ауданы