Глебовка ауылында заманауи су құбыры жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба аясында Жітіқара ауданындағы Ырсай ауылынан ұзындығы 4,8 шақырым болатын магистральды су құбыры тартылып, ауыл ішіне ұзындығы 9,4 шақырым болатын құбыр жүргізілмек. Нәтижесінде 14 шақырымнан астам су құбыры тартылып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылады.
Глебовка ауылына тартылып жатқан су құбыры Ырсай ауылындағы сумен жабдықтау кешені арқылы жеткізілмек. Осы мақсатта биылғы жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстары басталды. Келісім-шарт құны 1 066,3 млн.тенге. Қаражат республикалық және облыстық бюлджеттерден бөлінген.

Жүзеге асу мерзімі 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бас мердігері «Костанайсельхозводопроводстрой» ЖШС. Глебовка ауылының кіре берісінде 2-көтерілімдегі насос станциясына қосымша екі сорғы қондырғысы орнатылды. Жобаны іске асыруға 558,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді, оның ішінде 503,0 млн теңге республикалық бюджеттен бағытталған.
Су құбыры тартылып жатқан құрылыс аумағына «AMANAT» партиясының бақылау бекеті қойылған. Партиялықтар ай сайын мониторинг жасап, құрылыстың сапасы мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылайды.
«Су құбырының құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталды. Тамыздың аяғына қарай жұмысты толық аяқтап, нысанды іске қосамыз. Қазіргі уақытта 4800 шақырымға магистральды су құбыры тартылды. Ауыл ішінде 9 мың 392 метр тарату желілері жүргізілді. Жұмысшылар резервуарларды орнату және желілерді үйлерге тарату шаруаларымен айналысуда. Резервуар орнатуға сегіз адам, ауыл ішіндегі жұмыстарға бес адам жұмылдырылған. Нысан іске қосылған соң жаңа жұмыс орындары құрылып, азаматтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз», – деді Глебовка ауылының әкімі Рамазан Тұрғанов.
Глебовка ауылы аудан орталығынан отыз шақырымай жерде жатыр. Мұнда барлығы 463 тұрғын, 163 аула бар. Соның ішінде 155 үйге биыл сапалы ауыз су барады. Бүгінде осы мақсатқа 26 құдық қазылған. Ауыз су Жітіқара ауданындағы Ырсай ауылынан тартылатынын еске саламыз. Ауыл халқы осы күнге дейін суды 90 жер асты ұңғымасы мен 3 құдықтан алып, пайдаланып келді. Тұщы суға шөліркеген тұрғындар жаңа жобаның тезірек іске қосылғанын қалайды.

«Суды баяғыдан құдықтан аламыз. Биыл құбыр тартып жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Көптен күткен жоба ғой. Қыс түспей суды үйге кіргізіп алсақ жақсы болар еді», – деді ауылдың байырғы тұрғыны Рахымжан Егінбаев.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Денисов ауданында сумен жабдықтаудың ауқымды жобалары іске асырылуда. Бүгінде аудан халқының 81 пайызы орталықтандырылған немесе тасымалданатын ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бағытында ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда: Аршалы ауылы — «Сумен жабдықтау желілері мен нысандарын салу» жобасының жалпы құны 1 511,2 млн теңгені құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі — 2024–2025 жылдар. Бас мердігер — «Қостанайсельхозводопроводстрой» ЖШС (№40 келісімшарт, 21.05.2024 ж.). Жалтыркөл мен Архангельское ауылдары — «Су жүйесін қайта жаңғырту» жобасының құны — 2 130,6 млн теңге. Құбыр желісінің ұзындығы — 35 шақырым. Аталған жобалар толық іске асқанда, Денисов ауданы ауыз сумен 100% қамтамасыз етілмек.
Қостанай облысы бойынша мемлекетке прокуратура органдарымен қайтарылған активтер есебінен 25 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Соның бірі Денисов ауданы Глебовка ауылын сумен жабдықтаудың тарату желілерінің құрылысы.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – Үкіметтің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Мемлекет басшысы халықты сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету міндетін жүктеп, әр облыста басталған ауызсумен қамту бойынша жобаларды уақытында іске асыруды тапсырған болатын.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерде: Глебовка ауылының әкімі Рамазан Тұрғанов, ауыл тұрғыны Рахымжан ағай, құрылыс алаңындағы қызу тірлік.
Суреттерді түсірген – Жанель ҚҰТТЫБАЙ
