Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан төрінде өткізген Құрылтайы маған үлкен әсер берді. Ол бұл жиынның еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ екенін атап өтті.
“Құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Әрине, бұл бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ең бастысы, осы құрылтайда ел үшін өзекті болған қазақтың байтақ жерінің шетелге сатылмауы тұрғысындағы даулы мәселеге нүкте қойылды. Шегенделген шекарамыз бен ұлан-байтақ даламыздың бір қарыс жері де, бір уыс топырағы да берілмейтіні нық сеніммен айтылды.
Жалпы, бұдан да басқа көптеген мәселелер мен шешілу тетіктері бірге талқыланған бұл құрылтайдың алдағы уақытта оң нәтижесін көреміз деп сенеміз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Уәлихан АЙҒҰЛАҚОВ,
Сарыкөл аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы