Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев су тасқыны кезінде өңір кәсіпкерлеріне қандай көмек көрсетілгені және нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қалай жалғасып жатқаны туралы айтып берді.
– Бүгінгі таңда құрамына Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері кірген облыстық залалды өтеу комиссияларының жұмысы туралы айтып өтсеңіз.
– Табиғи апаттың алғашқы күндерінен бастап біз кәсіпкерлерге көмек көрсету бойынша жұмыстарды бастап кеттік, жадынамалар таратып, зардап шеккендер үшін де, Палата қызметкерлері үшін де іс-қимыл алгоритмін жасадық. Бұған 2022 жылы аймақта ірі өртпен байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде жинаған тәжірибе көп септігін тигізді. Бизнеспен кері байланыс үшін бірден «Сенім телефондары» құрылды. Бұндай шаралар жұмысымызды жүйелі етті. «Атмамекен» АЭС Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу тетігін әзірледі. Ережеге сәйкес келтірілген зиянды өтеу бойынша комиссиялар құрылды. Қазіргі таңда өңірлік комиссиялар 71 миллион теңгеден астам шығынды өндіру туралы кәсіпкерлік субъектілерінің 20 өтінішін қарап шықты. Бір айта кетерлігі, Қостанай облысы республика бойынша төлемдер бекітілген алғашқы өңір болды. 150 ШҚ да өлген мал үшін өтемақысын алды. Су тасқыны кезінде көлемді шығынға ұшыраса да, кәсіпкерлер зардап шеккен тұрғындарға белсенді түрде қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта жүздеген тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр, оған Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері жұмылдырылған. Бизнес өкілдері белсенді азаматтық ұстанымы мен әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, халыққа барынша қолдау білдірді. Естеріңізге сала кетсек, Қостанай облысында 150-ден астам жаңа үй салынуда, оның 118-і облысымыздың оңтүстік өңірінде тұрғызылып жатыр. Осы уақыт ішінде зардап шеккен аймақтарға мыңдаған келі гуманитарлық көмек жөнелтілді.
– Залалды өтеу кезінде бизнес қандай қиындықтарға тап болып отыр?
– Барлық туындаған мәселелер жедел түрде, соның ішінде салалық кеңестер аясында, жергілікті атқарушы органдар мен орталық министрліктердің қатысуымен шешілуде. Дәл салалық кеңестер залалды өтеу ережелеріне өзгерістер енгізу алаңына айналды, оған ең көп ұсыныс жасаған Қостанай облысының бизнесі болды. Су тасқыны басталғаннан бері палата алаңында зардап шеккен барлық кәсіпорындарды біріктіретін 10-нан астам салалық кеңес өтті.
Бұл ретте, сәуір айында апаттың шарықтау шегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов Қостанай облысына келіп, зардап шеккен кәсіпкерлермен кездескенін атап өткім келеді. Онда негізінен келтірілген залалды өтеу шаралары талқыланған. Райымбек Баталов шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу мәселесін тез арада қарау керек деген болатын.
– Кәсіпкерлер Палатасы үшін жұмыс сапасының өлшемі қандай болды?
– Біз үшін басты критерий– бұл бизнеспен кері байланыс. Кәсіпкерлер палатасына су тасқыны кезінде атқарылған жұмыстар туралы көп пікір келіп түсті. Бұл кәсіпкерлерге келтірілген залалды құжаттандыруға және заңгерлік кеңес алуға септігін тигізді. Қазіргі уақытта біз бизнеспен жұмысты жалғастырып жатырмыз, бұл ретте жыл басынан бері кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына 12 мыңнан астам бизнес өкілдері жүгінгенін атап өткім келеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда үлкен көрсеткіш.