Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президент диқандар алдында аграрлық саланы одан әрі дамыту жөнінде нақты мақсаттар мен міндеттерді белгілеген еді. Мемлекет саланы дамытудың негізгі, басым бағыттары бойынша қаржылық қолдау бағдарламаларын жалғастыруға ниетті.
Жуырда көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы күнін меркелелеу кешінде Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары Досболсын Жақыпов еске салды.
«Аграрлық несие корпорациясы осы жылдың 29 қарашасынан бастап қаржыландыруға кірісті. Ел бойынша жалпы сомасы 100 миллиард теңге берілмек. «Кең-Дала 2» бағдарламасы арқылы 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Кредиттеу «Аграрлық кредиттік Корпорация» АҚ барлық филиалдарында, кредиттік серіктестіктерде, екінші деңгейдегі банктерде, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда, микроқаржы ұйымдарында, өңірлік инвестициялық орталықтарда жүзеге асырылады», – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.
Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%. Несие мерзімі 2026 жылдың 1 наурызына дейін. Саланы «ұзақ» және қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету үшін субсидиялау жүйесін негізінен жеңілдікті кредиттеуге көшумен қайта қарау жоспарлануда. Жеке банктер саланы несиелеу процесіне қатысады. Ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру үшін келесі жылы 5% жеңілдікпен дисконттық лизинг бағдарламасы жалғасады. Бұл мақсаттарға республика бойынша 200 млрд теңге бөлу көзделген.
Осыған байланысты ауданның агроөнеркәсіп кешенінде біраз міндеттер тұр. Оларды орындау саланың одан әрі дамуына серпін бергелі тұр. Дәлірек айтсақ, ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2028 жылға қарай 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Жол картасы әзірленді. Сол арқылы 2025 жылы майлы дақылдар алқабы 54,7 мың гектарға жетуге тиіс. Биыл бұл көрсеткіш 54,4 мың гектарға жеткен. 2028 жылға қарай 57,3 мың гектарға дейін ұлғайту талабы бар.
Қарабалықтық диқандар биылғы ауа райының қиыдық тудырғанына қарамастан, неғұрлым өнім мөлшерін арттыруға тырысты. Ауданда егіс алқабы 288,3 мың гектар. Соңғы 5 жылда егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде майлы алқаптардың үлесі 6%, жемшөп алқаптары 11% ұлғайды. 230,1 мың гектар жаздық егіс алқабында ылғал жабылды. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасын қайта жарақтандыру үшін барлығы 4 млрд 382 млн теңгеге екі жүзден астам техника сатып алынды. Биылғы егін жинау науқанының қорытындысында 381 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылды. Дәнді дақылдардың ең көп өнімділігі «Zarlyk Agro» ЖШС, «Тогас и К» ЖШС, «ДизельТорг» ЖШС, «Агро-Торо» ЖШС, «Музыченко», «Абдрахманов», «Ілиясов», «Қарабаев», «Рулев» және басқа да шаруа қожалықтарына тиесілі болды. Мал шаруашылығы саласын дамытудың оң серпіні сақталуда. Осы жылдың 10 айында меншіктің барлық нысандарындағы шаруашылықтар шамамен 14 мың тонна және 7 мың тоннадан астам сүт, 2 млн дана жұмыртқа өндірілді.
«Қарабалық аграршылары қиын ауа райында елеулі нәтижелерге қол жеткізе отырып, өз кәсібилігі мен шеберлігін тағы да растады. Биыл ауданның астық өсірушілері 380 мың тоннадан астам астық жинады. Бұл – соңғы онжылдықтағы рекордтық өнім. Мал шаруашылығы саласының қызметкерлері оң нәтижелерге қол жеткізді. Мал мен құстың барлық түрлерінің саны артты. Агроөнеркәсіп кешені саласына инвестицияларды тарту үшін белсенді жұмыс жалғасуда», – деді бұл туралы аудан әкімі Руслан Халықов.
Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жұмыс көлемін кеңейтуге бірқатар жобалар қолға алынды. Солардың бірі – таяуда Новотроицк ауылында құны 2,7 млрд теңге болатын 600 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу жобасы.
«Қазір ауыл шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобаны пайдалануға беру іске асырылуда. Бастамашы – «Астам и К» ЖШС директоры Қанат Жағыпарұлы. Сондай-ақ, аталған бастамашы болашақта Гурьянов ауылында сүт-тауар фермасын салуды жоспарлап отыр», – деді аудан әкімі.
Осы жұмыстардың нәтижесінде аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары жоғары ведомстволық және мемлекеттік наградаларға ие болды. «Тогас и К» ЖШС директоры Руслан Қабаев «Құрмет» орденімен, «Манас» ЖШС директоры Әділ Әріпов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Егістіктер мен фермалардың еңбеккерлері, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен мамандары, сіздер күнделікті еңбекпен, күш-жігермен, төзімділікпен агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп келесіздер. Біз ортақ күш-жігерімізбен ауданымыздың өркендеуі үшін еңбек етуіміз керек. Мемлекет халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша шаралар кешенін қабылдауда. Біз бірінші кезектегі инфрақұрылым мәселелерін шешу үшін жұмыс істедік. Тек биыл Новотроицк фельдшерлік-акушерлік пунктіне күрделі жөндеу жүргізілді. Станционное және Тоғызақ ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр. Аудан халқының сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесі ерекше бақылауда. Боскөл ауылдарында су тарату желілерінің құрылысы, Приречное, Станционное ауылдарында суды тазарту және тарату пунктінің құрылысы аяқталуда. Жол және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобалар іске асырылып жатыр. Тоғызақ ауылына кіреберісті жөндеу жұмыстары аяқталды», – деді әкім.
Ауданның ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыс етті.
Айбек ЖҮЗБАЙ