Арқалықтағы «Қайрат» спорт кешенінде жерлесіміз, белгілі спортшы, самбо және қазақ күресінен спорт шебері Рамазан Сыздықовты еске алуға арналған ХV Республикалық турнир өтті.
Дзюдо күресінен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер мен қыз балалар арасында 2 күн бойы дүркіреп өткен турнирге: Астана қаласы, Ақмола, Абай, Ақтөбе, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының 4 қаласы мен 9 ауданынан 300-ден астам спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде бақ сынасты.
Ашылу салтанатында еліміздің асқақ Әнұраны орындалып, боз кілемде сап түзеген 20-дан астам команда спортшылары көк туға қарап бой түзеді. Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, даңқты спортшының анасы Биған Сыздықова, ұстаздары ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев пен Людмила Таскаева, шәкірті, Қостанай ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мылтықбай Абдуаитовтар құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнирдің өтуіне демеушілік жасаған азаматтарға қала әкімінің «Алғыс хаттары» табыс етілді.
Дәм-тұзы ерте таусылмағанда Рамазан Мырзағалиұлы биыл 51 жасқа толар еді. Жыл сайын туған күніне орайластыра өткізілетін еске алу турниріне қатысушылардың саны да ұдайы артып келеді.
«Бұл турнир жылма жыл Рамазан Мырзағалиұлының туысқандарының, дос-жарандарының демеушілігімен өтіп келсе, келер жылдан бастап маңызын күшейту үшін әкімдіктің қаражатына өткізілу жоспарланып отыр. Атқару органдары спортты насихаттау үшін біраз мақсатты істер жасап жатыр. Соның бірі осы ұжым атынан Қостанай облысы бойынша дарынды балаларға арналған мектеп – интернат ашу қарастырылуда. Бүгінгі таңда қаражат мәселесі шешілді. Алдағы жылы ұзақ жылдардан бері бос тұрған ғимарат жөнделіп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде дзюдоға арналған зал да болады», – деді қала әкімінің орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы.
Турнир қорытындысында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жоғары дәрежеде сый-құрмет көрсетіліп, кубоктармен, мерейтойлық медальдармен және сертификаттармен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түісірген – автор
Арқалық қаласы