Астықты өңірге келген медицина қызметкерлеріне 3,5 және 5 млн теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов айтып берді. Төлем дәрігерлердің орналасқан жеріне байланысты қаржыландырылады. Сондай-ақ, медицина мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, өткен жылы өңірге 172 дәрігер келген. Бюджеттен алғаш рет пәтер сатып алуға 683,2 млн теңге және 122 пәтерді қамтитын 7 тұрғын үйді салуға және қайта жаңартуға 1,6 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы әкімдік 67 пәтер сатып алды. 7 құрылыс нысанының ішінен 36 пәтерге арналған 2 үй пайдалануға берілді. Қалған бес үй ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
“Жалпы, денсаулық сақтау саласының өткен жылғы бюджеті 2022 жылмен салыстырғанда 23% өсіммен 108,8 млрд теңгеге жетті. 2,8 млрд теңгеге жеті медициналық нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 7,0 млрд теңге бағытталды”, – деді Ерлан Спанов.
2023 жылы алты амбулаториялық-емханалық нысанның құрылысы басталды. Оның төртеуі өткен жылы іске қосылды. Мәселен, Қостанай ауданындағы Октябрь, Әулиекөл ауданындағы Тимофеев, Ұзынкөл ауданындағы Ершов, Федоров ауданындағы Придорожное ауылдарында ФАП пайдалануға берілді. Ал Владимировка және Лисаковтағы Октябрь аулдарындағы қос нысанды биылғы жылдың алғашқы тоқсанында аяқтау жоспарланған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында көрсеткіштер едуәір төмендеді. нәресте өлімі – 24,4% – ға, жалпы өлім – жітім-5,7% – ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болған өлім- жітім – 11,0% – ға, жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім-жітім-14,3% – ға азайды.
Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 106,0 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, материалдық-техникалық жарақтандыруға және күрделі жөндеу жүргізуге 5,7 млрд теңге, денсаулық сақтаудың 17 объектісін жөндеуге 600,0 млн теңге жұмсалмақ.
“Өткен жылы біз жаңа нысандар салу есебінен медициналық ұйымдар желісін ұлғайту бойынша жұмысты бастадық. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Облыста тағы 19 ФАП пен дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр”, –дейді кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ