23 июня, 2025
«Дәрігер Talks» : Ақ халатты абзал жандар жайлы ашық әңгіме

«Дәрігер Talks» : Ақ халатты абзал жандар жайлы ашық әңгіме

Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ерекше форматтағы кездесу өтті. Партияның Қостанай облыстық филиалы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты бірлесе ұйымдастырған кейс-платформа – «Дәрігер Talks» жобасы дәрігерлердің шынайы өмірі мен еңбегіне арналған ашық диалог алаңына айналды.

Іс-шара модераторы, «Senim» денсалулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы, партияның Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Татьяна Булгацевич кездесуді жылы лебізбен ашып, іс-шараның маңызын атап өтті:

            – Бүгін біз шын жүректен шыққан әңгімелерді тыңдаймыз. Бұл – өз мамандығына адал дәрігерлердің, күн сайын адам өмірі үшін күресіп жүрген мамандардың әңгімесі. «Дәрігер Talks» – медицина саласының адами бейнесін көрсете отырып, қоғам мен дәрігер арасындағы сенімді қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам, – деді ол.

Партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов  қатысушыларға арнаған сөзінде бұл жобаның партия саясаты аясындағы нақты іс екенін баса айтты:

            – Біздің мақсатымыз – дәрігерлерді тыңдап қана қоймай, нақты қолдау көрсету. «Дәрігер Talks» – ақ желеңді абзал жандардың өмірлік тәжірибесін қоғамға жеткізетін алаң. Бұл – құр даңғаза емес, нақты нәтижесі бар, жүрекпен сезінетін жоба, – деді ол.

«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының Қостанай облысы бойынша жетекшісі Гүлсара Мырзабекқызы Жаманкұлова кейс-платформаның идеялық мазмұнына тоқталды.

            – Бүгінгі қоғамда дәрігер туралы теріс пікірлер жиі айтылып жатады. Ал шын мәнінде, олардың жанкешті еңбегі мен адам өміріне деген жанашырлығы кез келген марапаттан биік. Біз осы жобамен дәрігерлердің адами бейнесін, ішкі күшін, кәсіби шеберлігін көрсетуге тырысамыз, – деді ол.

Кездесуде былтырғы «Дәрігер Talks» жеңімпазы, Қостанай облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі, облыстық балалар ауруханасында балалар хирургиясы бойынша үйлестіруші Игорь Белобржицкий сөз сөйледі.

            – Мен өткен жылы осы жобаға қатысқан кезде, менің айтқан оқиғаларым осыншалықты үлкен әсер қалдырады деп ойламадым. Бірақ әріптестерім мен науқастардың пікірін тыңдай келе, мұндай форматтың бізге ауадай қажет екенін түсіндім. Бұл – кәсіби қауымдастықтың рухын күшейтетін алаң, – деді ол.

Биылғы байқау жеңімпаздары да өз әсерлерімен бөлісті. Олардың бірі – Қостанай қалалық онкологиялық көпсалалы ауруханасының емхана меңгерушісі, бірінші санатты онколог-дәрігер Ксения Дисаенко.

            – Онкология – тек диагноз қою емес, бұл – адаммен сөйлесу, қолдау, үміт сыйлау. «Дәрігер Talks» маған алғаш рет өз тәжірибеммен қоғам алдында ашық бөлісуге мүмкіндік берді, – деді ол толқып тұрып.

Тағы бір жеңімпаз – Еркен Құрманов, облыстық шұғыл медициналық жәрдем станциясының медициналық авиация бөлімінің меңгерушісі.

            – Біздің жұмыста әрбір секунд қымбат. Ұшаққа отырып, шұғыл көмек көрсету – үлкен жауапкершілік. Бұл жай мамандық емес, бұл – миссия. “Дәрігер Talks” мені өз жұмысымның қадірін тағы да терең сезінуге итермеледі, – деді ол.

Келелі басқосу барысында Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Қозыбаева сөз алды.

– Ерекше форматтағы, шынайы әрі әсерлі әңгімелердің куәсі болдық. Бұл – жай кездесу емес, жүректерді жалғайтын диалог. Біз дәрігерлердің даусын естіп қана қоймай, оны естуге үйренуіміз керек, – деп қорытындылады.

Жиын соңында медицина саласының бірқатар өкілдеріне Құрмет грамоталары табысталды. Олардың қатарында – Валентин Якимов, Самат Шуменбаев, Маргарита Бисенова, Зинаида Трифонова, Ирина Пашкевич, Валентина Лукьянченко және басқа да сала үздіктері бар. Бұл марапаттар – олардың адал еңбегінің және қоғам алдындағы зор жауапкершілігінің белгісі.

«Дәрігер Talks» – бұл тек жоба емес, бұл – жүрекпен айтылған сөз, ақылмен айтылған ой. Қостанайда өткен бұл кездесудің әр сөзі, әр оқиғасы дәрігер мен қоғам арасындағы алтын көпірге айналды. Медицина саласына жанашыр көзқарас қалыптастыру жолында мұндай жобалар ауадай қажет. Өйткені ақ халатты абзал жандар – құрмет пен сенімге лайық.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған «AMANAT» партиясының

баспасөз қызметі