БЖЗҚ-мен бір күн

БЖЗҚ-мен бір күн

 

Салымшы келешегі – сенімді қолда

 

Биыл Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 25 жыл. Жүйе осы уақыт бедерінде дамып-жетіліп, қоғам мүддесіне қызмет етіп, халықтың сенімі мен ықыласына ие болды. Ашықтық пен адалдық, сапалы қызмет көрсету «БЖЗҚ» АҚ Қостанай облыстық филиалының да айнымас қағидасына айналған. 1 шілдеден бастап ҚР Әлеуметтік кодексінің қабылдануы сала мамандарының жауапкершілігін арттырып, жаңа міндеттер жүктеді. Әлеуметтік кодекстің жаңашылдығынан хабардар болып, қызметкерлердің қайнаған тіршілігімен танысу үшін филиал кеңсесіне арнайы бардық.

 

Кодексте қандай жаңашылдықтар бар?

Сонымен, Әлеуметтік кодекстің күшіне енуіне орай жинақтаушы зейнетақы жүйесінде не өзгерді? Алдымен атап кетерлігі, салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейді. Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде жинақтың ең төменгі шегі бұдан былай ескерілмейді. Салымшы жинақтарының 50% дейін ИПБ сенімгерлік басқаруына беруге құқылы. Сондай-ақ, ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар аталған жинақтарын толығымен ИПБ-ға бере алады.

Екіншіден, зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер жинақтарын толығымен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады. Үшіншіден, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 52,4 еселенген мөлшерінен 94 еселенген АЕК-ке дейін ұлғайды. Төртіншіден, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ міндеттеріне қосымша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын тарту жүктеледі. Бұл тек 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен іске асады. Сондай-ақ, ол жұмыскердің ай сайынғы табысынан 2024 жылдан бастап 1,5% мөлшерінде белгіленіп, төрт жыл бойы 5%-ға дейін ұлғаяды.

– Салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен нысанасы жұмыстарды орындау (қызмет көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге құқылы болса, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тұлғалардың осы санаты БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге міндетті болды. Осылайша болашақта лайықты төлемдермен қамтамасыз ету үшін халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту шегі кеңейе түсуде», – деп толықтырды филиалдың Операциялық бөлімінің басшысы Жібек Сәрсенова.

Осы жаңашылдықтың бәрін мамандар кеңсеге толассыз келіп жатқан тұрғындардың әрқайсысына егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. Қызығушылық танытып, сұрақ қойып жатқан тұтынушылардың әрқайсысына да жан-жақты жауаптар берілуде.

 

Халық мүддесі басты орында

2013 жылы құрылған «БЖЗҚ» АҚ қызметіне осы жылдың тамыз айында он жыл толды. Қор мамандары алғашқы күннен бастап салымшылардың сұранысы мен қажеттілігіне орай қалтқысыз жұмыс істеп келеді. Олардың қызметінің маңызды бөлігі – ақпарат беру, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан-жылға қарқын қоса түсіп, іркіліссіз ілгерілеп келеді. Халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жаңашылдықтармен уақытылы хабардар етіп отыру – ұйымның маңдай алды міндеті.

Енді, міне, Әлеуметтік кодекстің жаңа талап-шарттары туралы тұтынушыларды ақпараттандырудың маңызы артып отыр. Қазірдің өзінде жергілікті байланыс орталығының телефонында маза жоқ. Өңір тұрғындары толық, әрі нақты ақпарат алу үшін 1418 бірыңғай нөміріне толассыз қоңырау шалуда. Әдетте филиалдың байланыс орталығына жүгінетін адамдардың сұрақ-сауалдарына жауап беруге бір ғана оператор үлгеретін. Қазір жүктеме көбейіп, екі, кейде үш маман телефон тұтқасында отырып, кез-келген мәселе тұрғысында қазақ және орыс тілдерінде жауап береді. Тағы бір айта кетерлігі, байланыс орталығына Қостанай облысының халқы ғана емес, елдің өзге де өңірлерінен хабарласуы мүмкін.

Барып қызмет көрсету

бөлімінің мамандары да бір сәтке де тыным көрмейді. Олар қазір жаңа Кодекстің ережелерін ауылдық елді мекендерге, облыс орталығындағы мекеме-ұйымдарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Барып қызмет көрсету бөлімінің бастығы Наталья Гордееваның айтуынша, филиалда «Мобильді кеңсе» жобасы да қызу жұмыс ырғағында.

Шалғайдағы елді мекендерді аралау кестесі алдағы бір жылға жоспарланып қойылған. «Мобильді кеңсе» көлігі жылына тоқсан шақты ауылды аралайды. Мамандар әсіресе, стационарлық қызмет көрсету кеңсесі жоқ елді мекендерге жиі барады.

          – Жалпы, облысқа қарасты аудан орталықтары мен қалаларда БЖЗҚ салымшылары үшін ұзын-саны 14 кеңсе жұмыс істеп тұр», – дейді бөлім бастығы.

 

Мамандары сауатты әрі жауапты

 

«БЖЗҚ» АҚ Қостанай облыстық филиалы кеңсесінен күн сайын адам аяғы арылмайды… қат-қабат жұмыс, қайнаған тіршілік, азаматтарды қабылдау, кеңес беру, мәселені тиянақты шешіп беру… Мұндағы маманның бәрі әр салымшының болашағын қамсыздандыру үшін талмай еңбектенеді. Қазір бұрынғыдай емес, халықтың көңілінен күдік арылып, БЖЗҚ-ға зор сеніммен қарайды. Сондықтан ертеңгі зейнеті, жиған-тергені сенімді қолда екеніне күмән келтірмейді. Келешектері үшін қажет жүйенің әрбір жаңалығын қаперден тыс қалдырмауға тырысып, көздері ашық, көкіректері ояу кейіп танытады.

Сырт көзге қызметі елеусіздеу көрінгенімен, мұндағы әрбір іс-шараның мән-маңызы ерекше зор. Оны еліміздің БЖЗҚ салымшысы атанған миллиондаған азаматы көріп-біліп отыр. Ол аз десеңіз, сан мәрте дәлелденгендей, Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі әлемдегі үздіктер санатында. Бұл ретте мұндай мәртебе биігінен көрінуге Қордың Қостанай облысындағы филиалының қосып жатқан үлесі де өлшеусіз!

Жаңалықтармен бөлісу